Шымкенттік ҰОС ардагерлеріне ҚТЖ басшылығы 75 мың теңгеден тағайындады

Бүгінде қатарлары сиреп қалған соғыс ардагерлері Жеңістің 74 жылдығын лайықты қарсы алуы үшін түркістандық теміржолшылар барын салды. Оларға арнап Шымкент қаласындағы «Ордабасы» мейрамханасында арнайы дастархан жайып, сыйлады.

Салтанатты шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен қатар Ауған соғысы мен Чернобыль апатына қатысқандар, барлығы 11 адам арнайы шақырылды. Кеште Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Ермекбай Ерманов, магистральдық желі бөлімшесінің директоры Марат Оңалов, Шымкент қалалық кәсіподақ ұжымының төрайымы Нағима Салықбаева, бөлімшенің кәсіподақ комитетінің төрағасы Хайрулла Сәрсенов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев сөз сөйлеп, ардагерлерді айшықты мерекесімен құттықтады.

Айта кетейік, денсаулығына байланысты мерекеге келе алмаған ардагерлерге арналған сый-сияпатты үйлеріне апарып беретін болды. Кешке жасы келіп қалған ардагерлердің көбін балалары сүйемелдеп алып келді. Жергілікті биліктен бөлек, биыл ҰОС ардагерлеріне ҚТЖ басшылығы 75 мың теңгеден сыйақы тағайындапты.

Ардагерлер дастархан басында сұрапыл соғыстағы күндерін еске алып, қазіргі бейбіт заманға шүкіршіліктерін айтты. Кең дастархан басында замандастарымен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрып, бір жасап қалған қарттар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына аман-есен жете берейік деген жақсы тілекпен тарқасты.