Су көлігі логистикасын дамыту сөз болмақ

Ағымдағы жылдың 14-16 мамыры аралығында Ақтауда «Каспий порттары және кеме қозғалысы-2019» 1-халықаралық көрмесі және конференциясы өтеді. Шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан да жауапты тұлғалар қатысады.

Көрмеде 300-ден астам теміржол, теңіз, көлік және логистика компанияларының, мемлекеттік лауазымды тұлғалар, өңірдегі жетекші жүк жөнелтушілер, порт жабдықтары мен көрсетілетін қызметтер жеткізушілерінің қатысуы күтілуде.

«Каспий порттары және кеме қозғалысы-2019» конференциясының екі күндік бағдарламасында халықаралық деңгейдегі 30 көлік және логистика компаниялары, 40-тан астам спикердің қатысуы болжануда, сонымен қатар көлік және логистика саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшылар ағымдағы мәселелер мен Каспий өңірінде көлік инфрақұрылымын пайдалану жағдайындағы жаһандық экономика мен өңірлік сауда сын-тегеуріндерді талқылайды деп жоспарлануда.

Конференцияның негізгі тақырыптары: «Әлем нарығы мен халықаралық логистика. Азия және Еуропа арасындағы сауда жолдарын дамыту және жетілдіру», «Каспий өңірі көлік және логистикасының ағымдағы жағдайы. ТХКБ бағдары бойынша мультимодальды тасымалдауды дамыту», «Еуразияның халықаралық қатынасы. Каспий өңірі көлік коммуникацияларының көпвекторлық дамуы», «Каспий және Қара теңіздерінің ТХКБ бағдарында түйіндесуі» және басқа да мәселелер.

Осындай маңызды имидждік оқиғаны қазақстандық алаңда өткізу Каспий өңірінде елдің көліктік-логистикалық секторын дамыту мәселесінде өзара әрекеттесудің берік негіздерін салуға мүмкіндік береді.