Қазақстандық ардагерлер теміржолда тегін жүру мүмкіндігіне ие болды

«Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесе отырып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне теміржол көлігінің қызметтерін тегін пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы акцияның іске қосылғанын хабарлайды.

Бұл акция «Жеңіс» республикалық әлеуметік–қайырымдылық жобасының аясында өтуде.

Акция шарттарына сәйкес ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне Қазақстан Республикасы мен ТМД елдеріде «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүзеге асыратын барлық бағыттар бойынша тегін жол жүру мүмкіндігі беріледі. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне барлық санаттағы поездардың купелік вагондарында, соның ішінде «Турист» класты вагондарында және «Talgo» компаниясының пойыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы купеде орындар бөлінеді.

Сондай-ақ, пойыздарда «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен ҰОС ардагерлеріне тегін тамақ берілетін болады.

Осы акция бойынша билеттерді рәсімдеу үшін билет кассасына жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және ҰОС ардагері немесе тыл еңбеккері куәлігінің түпнұсқасын ұсыну қажет.

ТМД елдеріне жол жүру кезінде жол жүру құжаттары (билеттер) тек Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сату пункттерінде рәсімделеді.