Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік бағыты дамиды

«ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы «KTZ Express» АҚ – клиенттер үшін тасымалды «Есіктен есікке» жүйесі бойынша жүзеге асыра отырып, клиенттер талаптарына қарай бағдарлануды ұстанатын ұлттық логистикалық оператор.

Компанияның бас директоры Дмитрий Абдуллаевтың мәліметінше, еліміздің ішіндегі және шетелдегі клиенттерге сапалы қызмет ұсынуды басты міндеті санайтын компания технологиялық жағынан да, бағасы мен тиеп-түсіруге ыңғайлылығы жағынан да тиімді болып табылатын контейнерлік тасымал қарқынын алдағы уақытта арттыра түспек. Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік бағыттағы жұмыстар да, ТХКБ дәлізі арқылы тасымал да дамытыла бермек. 

Қазірдің өзінде осы контейнерлеу бойынша өсім бар. Мәселен, былтыр компания контейнерлік тасымалмен 537 мың ДФЭ жүк тасымалдаған. Ал биылға оны 750 мың ДФЭ-ге, ал 2020 жылы миллионға жеткізуді көздеп отыр. 

Бүгінгі таңда «KTZ Express» АҚ Қытайдың 17 провинциясымен жұмыс істеуде. Олармен қарым-қатынас жақсартыла түсуде. Сонымен қатар еуропалық халықаралық компаниялармен де бірлесе жұмыс жүргізуде. Барша клиенттерге ашықтық қағидатын ұстанатын «KTZ Express» АҚ биыл жаздың ортасына таман компания сайтында клиенттердің жеке кабинеті жүйесін енгізбек. Онда клиенттер жүк жіберу бойынша барлық ақпараттарды білетін болады. Осылайша компания мен клиенттер арасында веб қатынас жасау арқылы халықтың сұранысына сай сапалы қызметтер көрсетіле бермек. 

Ұлан ОРАЗ