Теміржолшылардың балалары сурет сату конкурсына қатысты

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өңірдегі теміржолшы отбасыларының бейнелеу өнеріне бейім балалары арасында «Ұлттық салт-дәстүрлер» деп аталған байқау өтті.

Сурет салудан өткен сайысқа 7-10 жас аралығындағы балалар қатысты. Байқау екі жерде өтті. Шу локомотив депосында өткен байқауға онға жуық бала қатысып, олардың ішінен Евгения Цой салған сурет әдемілігімен қоса техникалық сауатты орындалуымен ерекшеленіп, бас жүлдеге лайық деп танылды. 

Ал осы байқаудың Тараз қаласындағы вагон жөндеу депосында өткен турына жиырма бала қатысып, бақ сынасты. Бүлдіршіндердің ешқайсысы бейнелеу өнерінен құралақан емес, бейімі бар екенін көрсетті. Дегенмен, жарыс болған соң бірі озып, бірі қалады дегендей, бәрінің бірдей бағы мен бабы бірдей келісе бермейтіні де заңдылық. Байқау барынша көңілді, мерекелік сипатта өтуі үшін ұйымдастырушылар да балғын суретшілердің бар жағдайын жасапты. Екі сағатқа созылған сурет салу барысында балалар зерігіп кетпес үшін оларға арнап шағын дастархан жайылып, столға шәй, сусын, шоколад, пирог сынды тәтті тағамдар қойылды. Тараздық турда Сұлтана Әбдімәулен мен Милана Холодова есімді қос бұрымды бүлдіршін байқау жеңімпаздары атанып, алдағы мамыр айында Шымкент қаласында өтетін аймақтық турға жолдама алды. Сондықтан оларға сыйлыққа сурет салуға керекті толық құрал-саймандар жиынтығы табыс етілді. 

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораевтың айтуынша, Шымкенттегі байқаудың бағдарламасы қызықты әрі ауқымды екен. Ұйымдастырушылар байқауға қатысатын балаларды ата-аналарымен бірге оңтүстіктегі мегаполистің көрікті жерлері мен жұрт жиі баратын мәдени-көпшілік орындарына, ірі сауда-ойын-сауық орталықтарына қыдыртып, көрікті қалаға саяхат та ұйымдастырады екен. 

Жасұлан СЕЙІЛХАН