Маңғыстауда әзірленген «Мөлдір бұлақ» бағдарламасының нәтижелері

Темір жол нысандары мен болат жол бойындағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы Маңғыстауда сәтті жүзеге асты. Осыған орай «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС-ның басшысы Орын Оразғалиев бағдарлама бойынша 2012-2017 жылдары атқарылған жұмыстар жөнінде ақпараттармен бөлісті.

Теміржол торабындағы нысандарды ауыз сумен қамту және кәріз суларды қабылдау жүйелерін жаңарту, қайта құрастыру, нысандарды санитарлық талаптарға сай жақсартуға негізделген аталған бағдарлама аясында бес жылда түбектегі осы серіктестікке барлығы 609 307 мың теңге бөлініп, ол толығымен игеріліпті. Оның ішінде жарғы капиталы негізінде 241 370 мың, өз қаражаты есебінен 266 180 мың, магистральдық желі бөлімшелері нысандарына 101 757 мың теңге бөлініп, бұл қаржы да өз орнымен жұмсалған.

 Сондай-ақ, осы жылдары Шетпе станциясында 700 м кәріз су құбыры күрделі жөнделіп, ауылішілік кәріз су жүйесіне жөндеу жұмыстары жасалған.

Басқа да нысандарда кәріз су жүйесі ауыстырылып, кәріз су құдықтары да жөнделген. Су айдау стансасынан су мұнарасына дейінгі, лас су айдау стансасынан тұрғын үйлерге дейінгі су құбырлары ауыстырылған. Коркол станциясында ауыз су құбырына, Бейнеу станциясында жылу құбырына, Опорный станциясында су сақтау қоймасына күрделі жөндеу жүргізілген. Оған қоса су сақтау қоймасындағы құдықтар жөнделіп, Маңғыстау станциясында жылу қазандығы күрделі жөндеуден өткен. Жылу қазандықтарының сыртқы көрінісі ретке келтіріліп, қазандық және сорғы бөлмелері ретке келтіріліп, әрленген.

– Серіктестіктің өз қаражаты есебінен былтыр 43 406 мың теңгеге бірқатар жұмыстар атқару жоспарланып, олар да толық игерілді. Атап айтар болсақ, Үстірт станциясында 2 су сақтау қоймасы, Бейнеу станциясында жылу құбыры күрделі жөндеуден өткізіліп, бірнеше жобалық-сметалық құжаттар дайындалды, су сорғылары, су өлшегіш құралдары, құбыр тазалауға арналған секционды құрылғы және ас-үй мен демалу бөлмесінің жиһаздары алынды, – дейді серіктестік басшысы. 

Енді осы жылға серіктестіктің өз қаражаты есебінен 72 297 мың теңгеге тағы да біршама жұмыстар атқару  жоспарлануда. Жоспарда Маңғыстау станциясындағы кәріз су құбырының құрылысын жүргізу, Үстіртте су мұнарасына күрделі жөндеу жүргізу, Бейнеуде жылу қазандығы ғимаратын күрделі жөндеу, 2 жобалық-сметалық құжат дайындау, сонымен қатар Бейнеу станциясында жылу құбырын қашықтықтан бақылау жүйесін орнату, оған қоса көмекші құрылғылар, атап айтқанда, сорғылар, компьютерлік техникалар, жиһаздар алу т.т. бар.

Техникалық қызмет көрсету есебінен жүргізілген жұмыстар қатарында Болашақ станциясындағы өртке қарсы су айдау стансасы, өртке қарсы су сақтау қоймалары, су тазалау қондырғылары бойынша жөндеу жұмыстары қарастырылыпты. Жөндеу жұмыстары бүгінгі таңда толықтай аяқталып, аталған нысандар толыққанды жұмыс жасап тұр. 

Ұлан ОРАЗ