Әрбір теміржолшы қауіпсіздікке атсалысуы керек

Темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты мәселелер – басты назарда. Алматы жүк тасымалы бөлімшесінде қауіпсіздік тақырыбына бұрынғыдан да қатаң көңіл бөлініп, оған әр теміржолшының атсалысуы талап етілуде.

Алматы аймағы бойынша ревизорлық аппарат ұдайы жүргізетін тексерулер барысында жасалған жұмыстар сапасы бақылауға алынып, кемшіліктер анықталады және оларды жою бойынша жұмыстар қадағаланады. Бас ревизор Мейрамбек Серікбаевтың айтуынша, Алматы ЖТ бөлімшесінің наурыз айындағы жұмыстарының қорытындысы бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуы жөнінен 5 жағдай тіркелген. Ал былтыр осы аралықта 3 жағдай болған. 

Яғни, бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Өкінішке қарай, инциденттер саны да 1-ден 5-ке артқан.

– Біз күн сайын темір жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі жағдайына талдау жүргіземіз. Қауіпті фактор ларды анықтап, оларды жоятын тиісті шаралар қабылдаймыз, яғни қозғалыс қауіпсіздігі ұдайы бақылауда, дегенмен өкінішке орай өндіріс болған соң түрлі ақаулықтар орын алмай тұрмайды, – дейді Мейрамбек Өмірбекұлы. 

Құрылымдық бөлімшелер басшылары әсіресе, «Машинистердің ескерту кітабында» жазылған ескертулерге ерекше назар аударады. 

– Бір өкініштісі сол, кейбір басшылар анықталған кемшіліктерді ат үсті зерттеп, локомотившілер ескертулерін елей бермейді. Ал керісінше, бұл ең басты көңіл бөлетін жағдай болуы тиіс, – деп санайды Мейрамбек Серікбаев. 

Одан басқа машинист-нұсқаушылар жұмысын ұйымдастыру мен қызметтік міндеттемелерді сапалы орындауын қадағалау жайы да өз алдына бөлек қаралатын мәселелер. Бас ревизордың айтуынша, жоспарлы жөндеу жұмыстарында сервистік қызмет көрсетуді күшейту қажет. Себебі пойызаралық жөндеуге жіберілетін локомотивтер талдауы «GeneralElectric», «Қамқор-Локомотив» ЖШС және «СКД-7» ЖШС-терінде жасалған техникалық қызмет көрсету сапасының төмендігін көрсетті. Олардан шыққан локомотивтер бұрынғы кемшіліктері бойынша қайта жөндеуден өтетін жағдайлар жиі қайталанады екен. 

Бас ревизордың айтуынша, әрбір теміржолшы темір жол көлігінде тұрақты жұмыс жүргізілуі үшін жаны ашып, олқылықтарды азайтуға атсалысуы керек. Себебі адамдардың өмірі мен жүктер тасымалы, экологиялық қауіпсіздік осы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей тәуелді. Жол шаруашылығында жол шеберлерінің жұмысына, ақаутапқыш арбаларға ДУ-46 форма журналындағы жазбаларда көрсетілген ескертулерге сәйкес күн сайынғы диспетчерлік бақылау қойып, жолдар мен бағыттама бұрмаларды комиссиялық тексеру барысында анықталған ескертулердің жойылғандығын қадағалау қажет. Ал қозғалыс шаруашылығында станция қызметкерлерінің техникалық сабақтарда сапалы білім алуы, оларды төтенше жағдайларда әрекет ете білуге үйрету бойынша шаралар қабылдау керек.