Шымкентте өтпелер жағдайы тексерілуде

Қазіргі таңда өтіп жатқан «Назар салыңыздар, өтпе!» айлығы Шымкент жол дистанциясында қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған айлыққа байланысты дистанция бастығы мен орынбасарынан бастап, бас инженер, учаске басшылары, жол шеберлері мен аға электромеханиктерден құралған арнайы комиссия құрылған. 

ПЧ-53 дистанциясының есебіндегі темір жол өтпелерінде Ордабасы ауданына қарасты Бадам станциясы 3255 км, Абай ауданына қарасты 3265 км, Еңбекші ауданына қарасты 3301км, 3294 км өтпелер орналасқан. 

«Тексеру барысында өтпе бойынша кезекшінің міндеті және нұсқаулықтағы талаптарды сақтағандығы қадағаланады. Күзеттегі барлық өтпелер тексеріліп, дыбыстық сигналдардың жағдайы, байланыс құралдарының жұмыс қабілеті, автошлагбаумдардың және қолмен ашылатын көлденең айналмалы шлагбаумдар, электрқуаттағыш пен жарықтандыру құралдарының техникалық жағдайы сүзгіден өткізіледі.

Бақылау кезінде кезекші жұмысшылардың теориялық және практикалық білімін ұштауда өтпедегі құралжабдықтарды қаншалықты дұрыс пайдалана білетіндігі, аяқ астынан туындаған оқыс жағдайларда және қауіпсіздік техникасы еңбегін қорғауда белгі беру мен өтпедегі құралдарды пайдалануда қалай әрекет жасау керектігі көрсетіледі», – деді Шымкент жол дистанциясының жетекші инженері Дана Өмірбаева.

Шымкент – Қызылсай өткеліне өтпе кезекшісі Н.Беков жауапты. Мұнда комиссия мүшелері жөндеуден өтуі тиіс біраз жайттарды анықтады. Бірінші кезекте өтпенің сыртқы және ішкі төсемін жөндеуден өткізу керектігі байқалды. Бұдан бөлек, су бұратын арық, рельстің сол жағындағы бақылауы негізгі рельске тірелмей тұрғанын және металл инструменталды темір жәшіктің сынған бөлігін ерітіп жабыстыру қажеттігі анықталды.

Екінші кезекте, Шымкент – Қызылсай 3301 км 8 пикетінде А.Әжібеков кезекшілік етеді. Бұл өтпеде тақ жолда төсеніштің топырағы шөккен, тақ, жұп жолдардың төсенішін күшейту, жаяу жүргіншілер өтетін жолды жөндеу, бетон қоршауды 85 см дейін биіктетіп жасауды жоспарлау, дәретхананың сыртын әктеу, жөндеуден өткізу, қолмен ашылатын шлагбаумды ұзарту керектігін нақтылады.

Ал Састөбе станциясындағы күзетілетін өтпеге кезекші З.Әуезов жауапты. Онда көлкіген суды айдайтын арық орнату, өтетін тұсты толығымен жаппай тұрғандықтан қолмен жабылатын шлагбаумды ұзарту, жол-көлік апатынан сақтандыратын ескертпе тақтайшаларды жаңарту керектігі ескерілді.

Игілік – Бадам өткеліндегі 3265 км 9 пикеттегі өтпе бойынша кезекші А.Мұсаев екен. Бұл өтпе бойынша анықталған олқылықтар: НР 1.1 белгісін нұсқаулыққа сәйкес рельстен 50 м қайта орнату керек, өтпенің темірбетон төсемін күшейту, тақ жолдағы контррельсті түзеу, жаяу жүргіншілер өтетін ағаш төсемді ұзарту, тақ жолда орналасқан қолмен ашылатын шлагбаумды ұзарту, жұп жолдағы пикетке қарсы 2 дана шпал сынған, жұп жолдағы 2 түйіспенің астындағы КБ бекітілген 1 дана шпал сынған, соларды ауыстыру, темірбетон қоршауды 85 см дейін биіктетуді жоспарлау, асбест үлгісіндегі барлық су айдайтын арықтарды ауыстыру керектігі нақтыланды.

Бадам станциясындағы өтпе бойынша кезекші М.Екудаев. Бұл станцияда да барлық асбест үлгісіндегі су айдайтын арықтарды ауыстыру, ағаштан төселген жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, бекеттегі қауіпсіздік үшін линолеумді ауыстыру, журналды жаңарту, қолмен жабылатын шлагбаум өтетін тұсты толық жаппай тұрғандықтан ұзарту керектігі анықталды.

Қалаш – Арыс өткеліндегі 3227 шақырымда өтпе бойынша М.Үсенов кезекшілік етуде. Мұнда да асбесттен жасалған арықты ауыстыру, нормаға сәйкес өте берістегі сигнал белгілерін көзге көрінетіндей етіп көтеру, жұп жолдағы 3227 км түйіспедегі теңестіріп тұратын саңылау жоқ әрі оны реттеу, көлденең қолмен жабылатын шлагбаумды ұзарту керектігі белгілі болды.

Бұдан басқа, күзетілмейтін Тоғыс – Леңгер өткелінде «Тоқта» белгісін, типтік бақылау рельсін орнату, су айдайтын арықтарды тазалау, «Тоқта» белгісін орнату, жарамсыз шпалдарды ауыстыру, тағысын тағы тапсырмалар берілді.

Еске сала кетейік, «Назар салыңыздар, өтпе!» айлығы 26 сәуірге дейін жалғасады.

Жансая СЫДЫҚБАЙ