Пойыздардың мал басу фактілері жиі кезігетін болды

Темір жол телімдерінде пойыздардың мал басу фактілері жиі кезігетін болды. Бұл өз кезегінде жүк және жолаушылар пойыздарының кідіріп, жол жүру кестесінің бұзылуына әкеп соғуда. 

Өкініштісі, мұндай келеңсіз жәйттер Шу ауданына қарасты темір жол учаскесінде де орын алып отыр. Шу жол дистанциясы ұсынған мәліметке сүйенер болсақ, 2018 жылдың 12 айында дистанцияға қарасты телімдерде малдардың жолға шығып кетуіне байланысты локомотив машинистері 14 рет шұғыл тоқтату тетіктерін іске қосуға мәжбүр болған. Ал пойыздарды шұғыл тоқтату, вагондағы жолаушылар мен жүктердің соқтығысуына немесе жарақат алу, жүктердің аударылуына әкеліп соғатыны, оның зардабы де шаш етектен екені айтпаса да түсінікті.

Шу жол дистанциясының бақылауына негізінен Шу, Мойынқұм, Қордай аудандары аумағында орналасқан, жалпы ұзындығы 468,7 км темір жол телімі жатады. 

Жүздеген шақырымдарға созылып жатқан темір жолды толық қоршап, қорғау мүмкін емес екені де белгілі. Дистанция бастығы Нияз Мүлкібаевтың айтуынша, бағусыз, қараусыз жүрген малдардың темір жолға шығып кету фактілері әсіресе, ауданға қарасты Көктөбе, Еспе, Шоқпар станцияларының аралығында жиі кездесетін көрінеді. 

Тіпті, ұсақ тұяқты малды айтпағанда, жылқы және сиыр малдары темір жол үстінде тайраңдап жүреді екен...

– Тұрғындар малдарын таң атысымен өріске шығарып жібереді, болды, оны бақпайды немесе бақташы бекітпейді. Қараусыз мал темір жолға шығып кетеді. Мал иелерінің осындай жауапсыздығын жою мақсатында олармен жыл сайын екі рет темір жол бойындағы және оған жақын елді мекендерде жол дистанциясының мамандары «Темір жол маңайында мал бағу ережелері», темір жолдағы қауіпқатер мен қауіпсіздік қағидаттарын түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырады. Бірнеше азаматтың үстінен мал бағу ережесін бұзған факті бойынша хаттама толтырылып, өңірдегі желілік полиция бөліміне шара қолдану үшін жөнелтілген. Мысалы, өткен жылы ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 559-бабы, 1 бөлімі бойынша ереже бұзған 23 мал иесі анықталып, 12 азаматқа 12025 теңгеден айыппұл салынды. 

Әрине, алғашында ескерту жасалады. 4 ескертуден кейін қайталап ереже бұзғандарға айыппұл салынады. Соған қарамастан, мал ұстау ережесіне немқұрайлылық әлі де басым. Сондықтан халықты қоғам алдындағы жауапкершілікке үйрету бірлесіп, ел болып шешуге тиісті мәселе болып отыр, – дейді жолшылар ұжымының басшысы. Шу жол дистанциясы қызметінің негізгі мақсаты – пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан, бұл бағытта сақтық шараларын жүзеге асыру назардан тыс қалған емес. Мысалы, темір жол маңайын қоршау жұмыстары жылда жүреді. Жоғарыда аталған 468, 7 км жолдың 281,2 км бүгінде қоршалған. 2018 жылы 8 км жол қоршалса, биыл тағы да 8 км жолды қоршау жоспарда тұр. Дистанция ұжымында 465 адам еңбек етсе, олардың басым бөлігі жолшылар. 

Олар өздерінің қызметтік міндеттеріне жатпаса да, жолды қараусыз малдан қоруға мәжбүр. Ал, жергілікті тұрғындар өздерінің қоғам алдындағы жауапкершіліктерін сезініп, мал ұстау мәселесіне оң көзқарас танытады деген үмітте. 

Динара БАТЫРХАИРОВА