Саураннан Шиелі станциясына дейін: Қызылордада көктемгі тексеру басталды

Қызылорда жүк тасымалы мен магистральдық желі бөлімшелерінің басшылары Аманкелді Арысбаев пен Ибраким Басықараев бастаған комиссия көктемгі тексеру жұмысын аймақтың оңтүстігіндегі шекарасы Сауран станциясынан бастап, Шиелі станциясына дейін жетті. 

Осы аралықтағы әр станция мен бекетке тоқтап, ондағы ахуалды көзбен көріп електен өткізген комиссия алғашқы күндері Сауран мен Белкөл станциялары арасындағы теміржол нысандарын мұқият тексерді. Жалпы жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, сол шараларды іске асыратын теміржолшыны – басты құндылық деп бағалайтын қауым бұл науқанды аса ыждағаттылықпен өткізуге ертеденақ мән береді. Биыл да ешбір нәрсені көзден таса қалдырмай тексеріп, анықталған қиқымдай кемшілікті хаттап құжатқа салды. Сонымен қатар тексеру барысында әр станция мен бекеттерде теміржолшылардың еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасының сақталу жайы көзден өткізіліп, мекеме ғимараттарының техникалық ахуалы, өндірістік және еңбек тәртібі, жасанды құрылыстар мен желілік құрылым нысандары сыннан өткізіліп, теміржол төсеніштері қабатының шыдамдылығына бақылау жасалды. 

Кеше Шиелі станциясында тексерудің алдын ала қорытындысы жасалып, анықталған кемшіліктер сарапқа салынды және олардың жойылуына уақыт белгіленіп, тиісті құрылымдарға тапсырмалар берілді. 

– Мұның бәрі пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру, теміржолшының еңбегінің қорғалуына бағытталған жұмыстар. Сонымен комиссиялық тексеру жұмыстары Сексеуіл-Қоскөл жаңа телімінде, онан әрі Сексеуіл-Қызылорда учаскелерінде жалғасын тауып, алдағы уақытта осындай қорытынды тораптық жиындар Сексеуіл, Қазалы және Қызылорда станцияларында өткізілетін болады, – деп ақпарат берді Қызылорда ЖТ бөлімшесі техникалық бөлімінің бастығы Жарқынбек Рсымбетов. 

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ