Дүниежүзілік еңбек қорғау күні құрметіне семинарлар өтті

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбек қорғау күні. Бұл дата әлем бойынша түрлі өндіріс орындарындағы жарақаттану оқиғалары мен соның салдарынан болатын адам өлімінің қайғылы статистикасын алға тартып, олардың алдын алып, азайтуға ықпал ету мақсатын көздейді. 

Дүниежүзілік еңбек қорғау күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ шеңберінде де жыл сайын кеңінен атап өтіліп, теміржолшылар еңбек қорғау тақырыбында түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдерде түйткілді мәселелер талқылап, шаралар қабылданады. Барлық құрылымдық бөлімшелерде еңбек қорғау күні құрметіне іс-шаралар ұйымдастырылады. 

1989 жылдың 28 сәуірінде канадалық, американдық жұмысшылардың бастауымен өндіріс орындарына қайғылы жағдайғадушарболған, жарақаттанған жұмысшы өкілдерін еске алу, олардың әлеуметтік қорғалуын үкімет тарапынан қолдау жөнінде бастама көтеру нәтижесінде, ұсынысты бүкіләлемдік ерікті кәсіподақтар мақұлдап, қазіргі уақытта барлық елде айрықша маңызға ие болып отырған жайы бар. Атаулы күн құрметіне 23 сәуір күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимаратында да «Еңбек қорғау және еңбектің болашақ салалары» тақырыбында семинар өтеді. Шараны ұйымдастырушы «Қазпрофтранс» қоғамдық бірлестігі. 

– Семинарда техникалық инспекторлар еңбек қорғау саласында 2018 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын жарияламақ. Сонымен қатар осы жиынға қатысушылар биылғы жылы өндіріс орындарында жарақаттану оқиғаларының алдын алу, болдырмау бағытында атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісіп, өзара пікір алмасады, – дейді «Қазпрофтранс» ҚБ «Астана» тораптық филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев.

Бұдан бөлек компанияның ғылыми техникалық кітапханасы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері тақырып аясында баяндама оқып, семинар шеңберінде флешмоб өткізу жоспарланып отыр.

Ұлан ОРАЗ