Адалдық алаңындағы әңгіме

Жамбыл ЖТ бөлімшесінің мәжіліс залында темір жол саласындағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бермеу, алдын алу мәселелері талқыланған отырыс өтті.

Жиынға Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» филиалының директоры Юрий Юрьевич, республикалық «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі Исламбек Майшекин, облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев және мемлекеттік органдар өкілі мен теміржолшылар қатысты.

Жиынды ашып, төралқа мүшелерімен таныстырған Берік Ақшалов кездесудің мақсаты мен мән-маңызына тоқталды. Ал күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша республикалық «Адал жол» жобалық кеңсесінің жетекшісі Исламбек Майшекин толықтырып өтті.

– Былтырғы жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанынан темір жол саласындағы жемқорлық әрекеттерімен күрес мақсатында «Адал жол» жобалық кеңсесі ашылған. Мұндай іске ұлттық компания басшылығының өзі үлкен ықылас танытып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барынша қолдау білдірген. Кеңсе ашылғалы бері біз қазір саладағы сыбайлас жемқорлық түріндегі көлеңкелі бизнес әрекеттерімен күресуді, алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Керек болса құпия сатып алушы түрінде де құқық бұзылып жатқан нүктеге барып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Біздің алдымыздан көп жағдайда жолаушылар тасымалы бағытында көп сыбайластық әрекеттер кездесуде. Айталық, вагонда орын жоқ, бірақ билетсіз сапар шегушілер тыйылмай тұр, – дейді жобалық кеңсе жетекшісі.

Ол сондай-ақ, «Адал жол» жобасы аясында Жамбыл өңірінде де түрлі шаралар өткізіліп жатқанын және билетсіз жолаушы мінгізу, жүк салып жіберу фактілері анықталғанын жеткізді. Және бұл арнайы операциялар жасырын бейнекамераларға түсірілген екен. Жиында сол түсірілім толық көрсетілді.

Жалпы Жамбыл өңіріндегі темір жол саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және «Құпия сатып алушы» іс-шарасының қалай жүргізілгендігі жөнінде «Жамбыл – адалдық алаңы» аймақтық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Мехлисов баяндап өтті. Анықталған кемшіліктер бойынша түсінік берген «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» филиалының директоры Юрий Николаевич Юрьевич көп жағдайда жолаушылар осындай жемқорлық әрекеттерге бірінші болып қадам басатынын айтып, мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу бағытында өздері тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Жиын барысында өзге де қатысушылардың ұсыныспікірлері тыңдалды. Айтылған сынескертпелерден қорытынды шығару үшін бөлімше директоры Берік Ақшалов «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілін бірлескен іс-шаралар жоспарын жасап, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне пәрменді түрде күрес жүргізудің жолдарын қарастыруды ұсынды. Келелі кеңесті облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев түйіндеп:

– Рас, тәуелсіздіктің бастапқы жылдары күнкөріс қиын болды. Қандай да жолмен болсын нәпақа тауып, өлместің қамымен көп адамдар адалдық, әділдік, ұят деген қасиеттерді жиыстырып қойып, материалдық құндылықтың соңынан еріп кетті.

«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген көзқарас қалыптасты. Міне, ес жиып, ел қатарына қосылған бүгінгі күнде де сол ұстаныммен жүру бізді жақсылыққа алып бармайды. Сол себепті, осында айтылған әңгімелер тек Агенттік пен «Қазақстан темір жолына» ғана қатысты емес. Мұнда қоғам болып күресетін ауқымды міндет тұр, – деп, қатысушыларды жемқорлық әрекеттерден барынша аулақ болуға шақырды.

Жасұлан СЕЙІЛХАН