Атырау жүк тасымалы бөлімі: жылдық жоспар 100% орындалды

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша биылғы жылдың бірінші тоқсанында техникалық жоспарға сай барлық 16 көрсеткіш 100 пайыздан аса орындалды. Яғни, пайдаланым көрсеткіштері түгелдей жоспардан жоғары болып, жүк тасымалының өскенін байқатты.

Атап айтқанда, пайдаланым жүк айналымы 2317,9 млн.т-кмнетто болып, 106,5 % құрады. Жүк тиеу көлемі 2414,5 мың тонна болып, орындалуы 101,4 пайыз болды. Пайдаланым жүк айналымымен қоса, жүк вагонының айналымы 102,2, жергілікті вагон айналымы 102,3, ал жүк вагонының өнімділігі 104,8%, вагонның орташа тәуліктік жүрісі 101,8%, вагонның статистикалық салмағы 101,3%, бір жүк операциясына вагонның тұруы 103%, болып, аймақта жүк тасымалы көлемінің осы тоқсанда жоғарылағанын көрсетті. Пойыздың орташа салмағы 3986 тонна-бруттоны құрады, яғни, 101,4% болды. Локомотив жүрісі 102,4%, пойыздың учаскелік жылдамдығы 106,4%, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы 104,9% болып орындалды.

Ал енді ҚТЖ директорлар кеңесі бекіткен жоспар бойынша алғанда 2 көрсеткіш сәл кем түскен. Бірінші, вагонның статистикалық салмағы – 99,9%. Екінші, бір техникалық станция-да вагон тұруының орташа ұзақтығы 0,14 сағатқа артқан, ол 2,8 %. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Темірхан Аманқұловтың айтуынша, вагонның статистикалық салмағы 0,04 тоннаға кем. Себебі, наурыз айында Құлсары станциясынан ТШО мекемесі әр вагон салмағы 32,0 тонна болатын пропан, бутан өнімдерін түсіруі артқан. Сол секілді Махамбет станциясында -18, Атырау - 28, Құлсары - 17, Теңдікте -147 вагон жеңіл салмақты жүктер мен контейнерлер тиелген. Жүктің салмағы жеңіл болғасын, статистикалық салмақ та кемиді.

Бір техникалық станцияда вагон тұруының орташа ұзақтығы артуы Атырау мұнай өңдеу зауытына қарасты Заводская станциясы кірме жолдарының бос болмауынан және станцияларға пойыздардың біркелкі келмеуінен болған. Мәселен, Теңдік станциясында 3 айда барлығы 655 вагон 33610 вагон/сағатқа, Мақат станциясында екі айда 2724 вагон 89314 вагон/сағатқа тұрып қалған. Сол секілді бидай тасушы вагондардың 2-3 күн 67 вагонға жеткенше жиналып қалуы да әсер еткен. Дегенмен, тұтастай алғанда, өңірдегі тасымал тасқыны әзірге жақсы деңгейде келе жатыр.

Бұдан бөлек, мұнайлы астана теміржолшылары қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық бөлімшелер арасында алда десек қателеспейміз. Мұнда еңбек қорғау мен қауіпсіздікке барынша жағдай жасалып, жұмыс орындары түгелдей аттестацияланған, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалған. Өткен аптада Атырау теміржолында өткен бас инеженерлердің басқосуында белгілі болғандай, аймақта 15-20 жылдан бері еңбек қауіпсіздігі бұзылмай, бірде-бір өндірістік жарақатқа жол бермей жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорындар жетерлік.