Тексеру тәртібі жетілдірмек

Көлік оқиғаларын тәуелсіз және объективті тексеруді қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында темір жол көлігіндегі апатты оқиғаларға тексеру жүргізу тәртібін жетілдіру керек.

Бұл туралы осы аптада ҚР Парламент Сенатының «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына қатысты пленарлық отырыста ҚР Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді.

Сонымен қатар ол өз сөзінде су көлігі саласына қатысты да ұсыныстарды айта келе, порттарда қазақстандық кемелерге жеңілдіктер беретін түзетулер ұсынылатынын жеткізді. Нәтижесінде бұл Ұлттық теңіз тасымалдаушыға тасымал бойынша неғұрлым бәсекелес тарифтік мөлшерлемелерді ұсынуға және тиісінше жүктерді теңіз арқылы тасымалдау үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда Ақтау портындағы 42 апаттық жағдайдың 70 пайызы ескі кемелерге қатысты болған. Сонымен қатар кеме қатынасы шлюздеріндегі ақауларды жою жөнінде уақытылы шаралар қабылдау үшін материалдар мен қосалқы бөлшектердің қорының мол болуын міндеттеуді енгізу ұсынылды.

Отырыста сонымен бірге автомобиль көлігі саласына қатысты да ұсыныстар айтылды. Көлік құралдарын тексеру негіздерінің нақты тізбесін айқындау арқылы жолдардағы бақылау тәртібін өзгерту жайы сөз болды.

Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ