«Жасыл жұма» - экологиялық акция

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ бойынша ұйымдастырылып отырған «Жасыл жұма» экологиялық акциясы аясында өңірлерде белсенді жұмыстар атқарылуда.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы жанындағы Жастар кеңесінің Достық станциясы бойынша өңірлік өкілі Данияр Бимашевтің айтуынша, бұл акция аталған станцияда бірнеше тонна қалдық қағазды жинауға және қайта өңдеуге, осылайша мыңдаған киловатт электр энергиясын және он мыңдаған литр суды үнемдеуге бағытталып отыр.

– Корпоративтік деңгейдегі міндет – ресурстарды құрметтеу мәдениетін және экологиялық жауапкершілікті дамыту болып табылады. Маңызы зор шараға Достық станциясында теміржолшылар барынша белсенді атсалысуда, атап айтқанда, біз жарықты, суды үнемдеп жатырмыз, макулатура дейді ғой, қағаздарды, пластиктерді бөлек-бөлек қоқыс жәшіктеріне жинаймыз. Қызметкерлеріміз қоқыс жинағын ұйымдастырып, оны қайта өңдеуге жібереді. Себебі мұнда қоқысты өңдейтін өндіріс зауыттары жоқ,– дейді ол.

Достық станциясында теміржолшылар бастаған акцияны енді әкімшілік қолға алып, ол тұрғындар арасына да тарап, барша халық атсалысуға кіріскен. Осылайша теміржолшылар әлемдік экологиялық мәселеге өз тараптарынан үн қосып қана қоймай, бастамашы да болып отыр. Бұл акция ай сайын жұма күні қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту мақсатында өткізіледі. Акция теміржолда жұмыс істейтін барлық құрылымдық мекемелерді қамтиды.

Жалпы бұл акцияның мақсаты – отын-энергетикалық ресурстарын үнемдеу, тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинау мәселесіне қызығушылықты ояту, экологиялық мәдениетке тәрбиелеу, су ресурстарын мейлінше үнеммен тұтыну. Акция шеңберінде барша адамға таратылған жадынамада жұмыс күні соңында барлық оргтехниканы өшіру, тиімсіз жарық көздерін пайдалануды доғару, бес минуттан артық адам болмайтын кабинеттерде жарықты өшіру, күндіз жарық түсіп тұрғанда табиғи күн сәулесін барынша көбірек пайдалану және тағы басқа тиімді ұсыныстар айтылған.

Ұлан ОРАЗ