Маңғыстаулық теміржолшы жастар никотинге қарсы шыққан

Никотинге – витамин. Маңғыстаулық теміржолшы жастар ұйымдастырған шара осылай аталады. Елордамыздан бастау алған мұндай акция жастарға салауатты өмір салтын ұстануға үндейтіндігі үшін ұнаған.

Акция барысында теміржолшы жастар «Темекі өндірушіден басқа ешкімді бақытты ете алмады», «Никотин – есірткі», «Темекі шегудің соңы», «Тоқта!» сөздері жазылған плакаттар ұстап, зиянды әдетке үйір теміржолшы әріптестеріне темекінің залалын көрсетіп, бүгіннен бастап темекіні ұмытуға шақырды. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға уәделерін бергендер темекілерін қорапқа тастады. Ал темекінің орнына пайдалы жеміс-жидектер алған кезінде бәрінің жүзіне күлкі үйірілді.

Бастысы – улы нәрседен бас тартуға ешкім қарсылық танытпады. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, денсаулыққа зияндылығына, бағасының қымбаттығына қарамастан темекі түтініне уланып жүрген, тіпті ертемен төсектен тұра сала «оразасын» темекімен ашатын ер азаматтарымыз қаншама?! Сылтаулары, үйреніп қалған организмді тия алмау. Әрине, бәрі қолжетімді заманда ақшаға кез келген дүниені сатып алуға болатын шығар. Алайда, ешбір ақшаға сатып ала алмайтын бір құндылық бар. Ол – денсаулық. Деннің саулығын уақытында бағаламаған адам кейіннен опық жейді. Темекі түтінінде 30-астам улы заттар бар десек, солардың бірі – никотин. Адам ағзасына түсетін басқа да зардаптарын санасақ, шошып кетеріміз анық. Ең жаманы, темекі тартатындардың төңірегінде темекі тартпайтындар да уланады екен. Ендеше, жастар бастамасына неге үн қоспасқа?