Мақсат - тұрмыс сапасын арттыру

Семей ЖТ бөлімшесінде саяси кеңес отырысы болып өтті. Күн тақырыбындағы басты мәселелер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жәрдем беру түрлері, еңбекақысы төмен қызметкерлердің тұрмыс сапасын көтеру және теміржолшылардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытындағы шараларға талдау жасау болды.

Жиынды ашқан бөлімше басшысы, қалалық мәслихат депутаты Марлен Көкрекбаев еліміздің саяси өміріндегі болып жатқан соңғы оқиғалар қатарына тоқталып өтіп, осынау кезеңдеде Елбасы Жолдауы аясынан туындайтын мәселелер мен ұлттық компанияның қызметтік саясатының басымды бағыттары бойынша жұмыс жүйелі жүргізіле беретінін жеткізді.

Қазіргі күні бөлімше бойынша құзырлы орындар арқылы теміржолшыларды баспанамен қамту мәселесі жолға қойылған. Бұл ретте, қаланың іргесінен бой көтеріп жатқан элиталық шағынауданнан төмен пайызбен баспана алу мүмкіндігі іске асырылуда. Сонымен қатар, өткен жылы Аягөз қаласындағы орын алған су тасқыны кезінде үйлері бүлінген сала қызметкерлерінің барлығы дерлік баспаналы болған әрі материалдық көмектер алған. Бұдан бөлек мүгедек балалары бар теміржолшыларға әр тоқсан сайын қайырымдылық мақсатта қаржылай жәрдем көрсетіледі. Бұдан өзге балалардың жазғы лагері мен қарттарға көрсетіліп жатқан жәрдем жайында да кең көлемде сөз қозғалды.

Ендігі аралықта кәсіби біліктілігін арттырғысы келген немесе екінші жоғары білім алуға ниетті ұжым мүшелері үшін тағы бір жаңа мүмкіндік туып тұр. Қазақ көлік коммуникациялар академиясы қашықтықтан оқыту бойынша тапсырыстар қабылдап жатыр. Маңыздысы сол, Семей ЖТ бөлімшесінің қызметкерлері үшін оқу ақысы айтарлықтай төмен. Сол себепті оған бірінші кезекте шалғай станциялары мен жол айрықтарында тұратын отбасылар мүшелері қатыса алады. Қазіргі күннің өзінде 5 адам өтініш білдірген. Бұл ретте қаламыздағы теміржол колледжі басшылығы қашықтықтан дәріс өтіп, емтихан тапсыруға алғашқы топ үшін 30 адамдық арнайы кабинет бөлуге ниетті. Мұның өзі әлеуметтік ахуалы төмен отбасылар үшін айтарлықтай үлкен көмек болары сөзсіз.

Жиын барысында бұдан өзге де қызмет барысына қатысты бірқатар мәселелер сарапқа түсті. Атап айтсақ, Семей теміржолының көліктік хаб бойынша маңызды орын алатынына тоқталып өткен Марлен Кәрімұлы автокөліктен теміржолға ауысып жатқан жүк көлемі жайында да сөз етті. Сонымен қатар, өткен наурыз айының 11-ші жұлдызынан бастап семейлік теміржолшылар қағазсыз жұмыс жүргізуге 100 пайыз көшкендіктен жүк жеткізудің электронды түрі тиімділікті арттырып отырғаны да сөз болды.

Жиын соңында қатысушылар бөлімше басшылығы тарапынан жергілікті теміржолшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу мен қызметкерлердің тұрмыс сапасын арттыруда жоғары деңгейдегі белсенділік бар екендігін атап өтті.