Жазира Қалмағанбетова: ұлттық өнерді ұлықтаған

Аймаққа танымал Қалмағанбетовтер еңбек әулетінен шыққан Жазира Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің көпсалалы қызмет көрсету орталығының жетекші маманы. Әріптестері оны он саусағынан өнер тамған шебер ретінде де таниды. 

Себебі оның қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдер, әшекейлі бұйымдар көздің жауын алады. Сондықтан Жазираның әріптестері оған ұлттық нақышта тігілген киімдерге тапсырыс беріп жатады. Кішкентай кезінен теміржолдың шыршасына, жазғы лагеріне, балаларға арнап ұйымдастырылған шараларының барлығына қатысып өскен Жазираға осы саладан нан табу бұйырыпты. Әкесі Орынбасар Қалмағанбетов аймақ теміржолының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан құрметті теміржолшы, анасы да бүкіл өмірлік жолын теміржолда өткізген жан. Осылай, теміржол мекемелерінің жұмысы мен тыныстіршілігіне жастайынан етене таныс болған Жазира мамандық таңдауда ата жолын жалғастыруды қалауы заңдылық емей не?! – Әкем «жол қозғалысын ұйымдастыру және

көлікті пайдалану» саласын таңдағанымды қалады, сол мамандық бойынша грантқа түсіп, білім алдым. 2012 жылы диплом алып теміржолдың қайнап жатқан қазанына түстім де кеттім, – дейді Жазира Орынбасарова теміржолдағы өз соқпағының алғашқы қадамы жайлы. Кішкентай кезінен әр түрлі қолөнер бұйымдарын жасағанды, тәттілер пісіргенді, сурет салғанды жақсы көретін Жазира бүгінде бос уақытын тиімді пайдаланып, фетрдан, тастармен әшекейлеп бұйымдар жасап, қамзолдар тігеді, балаларына қажетті ертеңгілікке арналған костюмдарды өз қолымен жасап береді, тұсаукесер мен қыз ұзатуға қажет бұйымдарды жасайды.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ