Жазып қойған хатпен тең

«Қазыналы қарияң - жазып қойған хатпен тең» деген сөздің растығына Қызылорда ЖТ бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Поштабек Нармановтың ұйымдастыруымен қос буынның кездесуінде тағы да көз жеткіздік.

Аға буынның жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды салалық жұмысқа баулуда өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында өткен жиында теміржол саласының кешегісі мен бүгінгі дамуы кеңінен сөз болды. Жастарға ақылкеңес беріп, тәрбиелік әңгіме өрбіткен ақсақалдарды жас буын өндірістегі соңғы жаңалықтармен таныстырып, техника мен технология жетістіктерін паш етті.

Мәнді де мағыналы өткен басқосу соңы ардагерлер арасында өзара шахмат жарысына ұласты.

Шахмат десе ішкен асын жерге қоятын ойыншылар сыр еліндегі теміржолшылар арасында бұрыннан көп. Олардың қатарында кешеге дейін өзі еңбек еткен Магистралдық желі бөлімшесінің намысын қорғап талай жарыста топ жарған Поштабек Нарманов пен Өрт сөндіру мекемесінің ардагері Төлеген Ізбасқанов, Қызылорда ЖТ бөлімшесі ардагерлері Валерий Зверев, Аймахан Коишиев және Тұрақбай Қалиевтер, Байланыс және белгі беру дистанциясы ардагері Әділ Мамбетов, КТТ ардагері Сейсенбі Шермаханов пен Қазалы вагон пайдалану депосы ардагері Ертуған Қабыловтар аты алдыңғы кезекте аталады. Бұл жолы да шаршы тақтада ойын көрігін қыздырған ардагерлердің барлығына естелікке ынталандыру сыйлығы беріліп, екінші турдан қарсыласын қапы қалдырып жүлделі орынға көтерілген Поштабек Нарманов 3-орын, Тұрақбай Қалиев 2-орын алса, әріптестерінің бәрінен зерделі сайыстың жеңімпазы атанған Әділ Мамбетов 1-орын алды, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар берілді.

Азамат ҚҰЛЫМБЕТ