Қажетті материалдар жеткілікті

Шығыстағы Семей ЖТ бөлімшесі бойынша көктемгі су тасқынына даярлық шаралары қыс ішінде-ақ басталған болатын. Соның нәтижесінде өңірдегі гидрометерологиялық ахуал біршама күрделі болғанымен қазіргі күні теміржол нысандарына төніп тұрған қауіп жоқ.  

Семей магистральдық желі бөлімшесінің аумағы республикамыз бойынша жауын-шашын мол түсетін әрі өзен және бұлақ сулары өте көп аймақ. Сол себептен жылдың осы мезгілі табиғаттың тосын мінезіне жоғары деңгейде даярлық жасауды талап етеді. Өңірдің 8 аумағы қызыл су басу қаупі жоғары алап саналады.

Осыған дейін Семей магистральдық желі бөлімшесі басшылығы арнайы жоспар жасап, көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізген-ді. Оның ішінде еріген қар сулары суағарлар арқылы кәріздерге жіберіліп, су тоспалары мен өзендер және су қоймаларының деңгейі тәулік бойы бақылауға алынған.

Мамандар сөзіне сүйенсек, наурыздың 12 күнгі көрсеткіш бойынша НЖС-6 мекемелеріне тиесілі 440 көпір, 368 құбыр, 181 км арық, 1216 км су жүретін арналар қардан толық аршылып, тазаланған. Сонымен қатар, көктемгі сең жүру және қызыл су тасқынының алдын алып, қажет жағдайда шұғыл жұмылдыру мақсатында қажетті техникалар қазіргі күні толығымен даяр тұр.

– Семей магистральдық желі бөлімшесі басшысы Айдын Шәукежановтың назарда ұстауымен тасқынның алдын алу бағытындағы жұмыстар биыл ерте қолға алынды. Мәселен, қазіргі таңда бөлімше бойынша 43 вагоннан тұратын 5 пойыз жасақталды. 38 платформа жолға шығуға даяр тұр. Бұдан өзге арнайы әзірленген тастар мен темірбетонды шпалдар бар.Инертті материалдар жеткілікті, – дейді НЖС-6 жол бөлімінің бастығы Қайыргелді Ахметжанов.

Жақын күндері тасқынға тосқын қою мақсатында цемент пен құмның, қиыршық тастың мол қоры әзірленбек.

Мамандардың айтуынша, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша, су шаю қаупі ең жоғары аумақтар Жаңа-Семей және Аягөз жол дистанциясының қарамағындағы телімдер саналады.Сондықтан, ПЧ-40 пен ПЧ-42 жолшыларына салмақ түсіп тұр.

Ал, бөлімше қарамағындағы желі бойларында жалпы саны 89 қауіпті орын бар. Жекелей тоқталсақ, ПЧ -39-да – 6, ПЧ-40-та – 13, ал Аягөз жол дистанциясы бойынша 20 орын қатерлі аумақтар тізімінде тұр.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей