Жарылғыш зат көрсеңіз...

Террорлық қауіп-қатерден ада емес кезеңде өмір сүргендіктен кез келген адамның соған қатысты білімін жетілдіріп, қорғану, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты іс-әрекеттерін жетілдіру – бүгінгі таңда өзекті мәселе.  

Сондай іс әрекеттердің бірі профайлинг деп аталады. Бұл – жарылғыш затқа ұқсайтын күдікті нысанды анықтаған кездегі әрекеттер. Жақында «Нұрлы жол» вокзал кешенінде қызметкерлер арасында террористік сипаттағы төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет жағдайында техникалық сабақтар өткізілді. Себебі вокзал – адамдардың көптеп шоғырланатын аймағы. Шараны кешеннің бас инженері Тофик Гаджиев өткізіп, бұл тақырыпты кеңінен ашу үшін кешен директорының режим бойынша көмекшісі Қайыркен Закриянов тақырып аясында қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Атап айтқанда, жарылғыш заттың белгілері қандай болатыны, қалай құрбан болмау жолдары, террорист-өзін-өзі өлтірушілер сипаты қандай болады, пайда табу мақсатында кепілдікке адамды тұтқынға алғанда не істеу керек, терроризм қаупін қалай сезуге болады, террорлық акт кезіндегі қауіпте қалай әрекет ету қажеттілігі түсіндірілді. Шараға технологиялық процесс бойынша вокзал кезекшілері мен жедел басқару орталығының кезекшілері қатысты.

– Жарылғышқа ұқсайтын белгісі бар заттарды қолмен ұстап көруге, ашуға, орнынан жылжытуға, үстіне қандай да бір сұйықтық құюға, үстін жабуға, оның маңайында тұрған электр, радио аппаратураларды қолдануға, оның қасында темекі шегіп, ұялы байланыс құралдарын пайдалануға болмайды, – деді Қайыркен Закриянов.

Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ