Логистикалық әлеует еселенуде

Семей ЖТ бөлімшесі үшін биылғы жыл да логистика саласы бойынша қарқынды іспен басталды. Әсіресе, соңғы апталарда автокөліктен пойыз тасымалына ауысқан немесе өтініш берген клиенттер саны артуда. 

Мұндай құбылыс жыл сайын орын алады. Әрі есептемелік көрсеткіш бойынша үлес саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, оған әсер ететін ішкі факторлар көп. Маусымдық ауа райының қолайсыздығынан бастап, аймақ көлеміндегі түрлі кеніш орындарына жаңадан тартылған тұйық желілер санының артуы, жөнелтілер жүк құжаттарын қағазсыз рәсімдеу, қатты отын тасымалы бойынша белгіленген тариф құнының тұрақтылығы т.б. себеп болып отыр. Мұның барлығы бөлімшенің логистика және жүк тасымалын ұйымдастыру бөлімі мамандарының тиісті сараптамасынан өтуде. Мамандар сөзіне сүйенсек, өткен жылы тек автокөліктен теміржолға ауысқан тек қосымша жүктер саны 53,8 мың тоннаны құрапты. Оның ішінде экспортқа жөнелтілген тауар көлемі 35,6 мың тонна болып, экономикалық таза кіріс 80 млн теңгеге жуықтаған. Бұл жайтқа бөлімшедегі барлық іргелі жүк станцияларының транзиттік байланыс саласын бірінші кезекке қоюы да себеп.   

Қазіргі сараптама бойынша автокөліктен теміржолға ауысатын республикаішілік жүк тасымалының көлемі биылғы жылы күрт артатын болады. Өткен жылы оның жалпы мөлшері 18,2 мың тонна болған еді. Мамандардың бұл болжамына негіз бар. Себебі, ағымдағы жылы Аягөз, Жаңғызтөбе, Жаңа-Семей сынды бірқатар жүк станциялары бойынша іргелі өндіріс ошақтарына мердігер компаниялар арқылы тартылған кірмежолдар пайдалануға берілмек. 

Қуаныш Қожаев, Семей