Инабатты ару – болашақ теміржолшы

 Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Инабатты ару – 2019» атты облыстық байқауда болашақ теміржолшы ару топ жарды.

 Арулар байқауға сырлас жеңгелерімен бірге келіп, шыққан тегі, ата-анасы, өскен ортасын өлеңмен өрнектеп таныстырды. Үйінде анасымен бірге әзірлеген тағамдарын және қолөнер бұйымдарын әкеліп таныстырып, олардың жасалу жолын түсірген бейнекөрсетілімдерін көптің назарына ұсынды. Киім кию үлгісі, сән-сымбатын да салтанатымен көрсетті. Мұндағы басты мақсат – жасөспірім бойжеткендердің бойына ұлттық тәрбиені сіңдіріп, өнер-білімге баулу.

Әдепті де әдемі, инабатты да мейірімді ару қыздарымыз осылайша 3 кезең бойынша сынға түсті.

Байқау қорытындысы бойынша, Тараз көлік және коммуникация колледжінің «Станция кезекшісі» мамандығында оқып жатқан студенті Махаббат Керімқұл жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі І орынды жеңіп алды. Жүзден жүйрік шыққандар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің тарапынан бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,

Тараз