Жасөспірімдер қауіпсіздігіне кім жауапты?

Маңғыстауда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда жиі рейдтер ұйымдастырылып, оқушылар арасында құқықтық дәрістер және жаман әдеттерден сақтандыру мақсатында дөңгелек үстелдер, сұхбаттар жиі өткізіледі.  

Ақтау станциясындағы желілік полиция бөлімінің ювеналды полиция тобы құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғалардың дені түнгі уақытта орын алатынын ескеріп, жасөспірімдерге кешкі уақытта көшеде жүру ережелерін түсіндіруден жалыққан емес. Аталған бөлімнің жұмыс жоспарына сәйкес 11 ақпанда басталған «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясы кезекті рет 15 ақпанда №1 орта мектепте талқыланып, оған «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ Маңғыстау станциясындағы атқыштар командасында әскери есепті жүргізу жөніндегі 1 санатты маманы Н.Сомова, Маңғыстау станциясы бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің бас маманы Н.Қанатқалиев, Маңғыстау вагон пайдалану депосында нұсқаушы В.Сүлейменов, Маңғыстау жол дистанциясында жол шебері Т.Есжанов қатысты.

Акция кезеңінде мектептерде, колледждерде Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік кодекстің нормалары түсіндіріліп, құқықтық тақырыпта дәрістер, теміржол және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау бойынша оқыту сабақтары өткізілді. Мысалы, Маңғыстау вокзалына жақын маңда орналасқан №1 орта мектепте өткізілген шараға 50 оқушы, ал жалпылама сегіз мектепте өткізілген мұндай түсінік жұмыстарына барлығы 900-ге жуық оқушы қатысып, акцияның мән-мақсаты құлақтандырылды. Ақтау желілік ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Жәнібек Абилакимовтың айтуынша, түнгі сағат он бірден кейін жасы кәмелетке толмаған бала көшеде жүрмеуі тиіс. Олардың өміріне ата-анадан бөлек жауапты саналатын білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жыл бойына жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі шаралар ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді екен. Мысалы, өткен жылы Мұнайлы ауданы бойынша кәмелетке толмаған 35 бала ювеналды полицияның назарына іліккен. Оның ішінде 21 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылған. 1 жасөспірім бейімдеу орталығына жабылған. Ал биыл жыл басынан бері түнгі 23:00-ден кейін түнделетіп жүрген 8 жасөспірім ұсталып, біреуі бейімдеу орталығына жабылса, бір жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылған, алтауы қолхатпен жіберілген.

Тәртіп сақшысының сөзінше, бұғанасы бекімеген жасөспірімдердің жұмысқа жегілуі де заңға қайшы. Сонда да болса, ондай жағдайлардың ішінара кездесіп тұратындығын жасырмайды. Вокзалда арба сүйреп, жолаушылардың ауыр жүктерін арлы-берлі тасып, ақша тауып жүрген бір жасөспірім тапқан ақшасына спорттық киім алғысы келетінін айтқан. Жолаушылар пойыздарының бірінде даяшы қызметінде жүрген жасөспірім де отбасында ақшаның жетіспейтіндігін себеп еткен. Желілік полиция бөліміне жеткізілген кәмелеттік жасқа толмаған тағы бір жасөспірім ата-анасынсыз жалғыз өзі Маңғыстау вокзалынан Бейнеуге қарай жолға шыққан. Әрине, бүгінгідей қымбатшылықтың етек жайған заманында ақша тапшылығы, әсіресе, көпбалалы отбасыларда айқын сезілетіні өтірік емес. Бірақ қанаты жөнді қатпаған жас балалардың қауіпсіздігі үшін кім жауап бермек? Тәртіп сақшылары кездесуде мектеп оқушыларына олардың қазіргі таңдағы негізгі міндеті жұмыс істеу емес, сабақты жақсы оқып, білім алу, мамандық алу екендігін түсіндірді.

Әсел ТАҢАТАРОВА,

Маңғыстау