«Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ Шымкент филиалы өткен жылды табысты аяқтады

Тасымалдағы жүктер мен күзетілетін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел қазынасына 200 миллиондай пайда табыс келтірген.  

Шымкент және Қызылорда жүк тасымалдау бөлімшелерімен жасалған келісімшартқа сәйкес, тапсырыс берушілердің тарапынан тасымалданатын жүктердің 100 пайыз қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мекеме бір жылда 110 мыңнан артық пойызды күзет қызметімен қамтамасыз еткен.    

– 2018 жылдың соңғы екі айында біздің филиал аздап қиыншылықтарға тап болды. Себебі, Өзбекстан теміржолы пойыздарын алып үлгермеуіне байланысты, бізді локомотивсіз қалдырған тастанды пойыз құрамалары болды. Мысалы, аптасына екі жол бөлімшесінде 60-тан аса жүк пойызы тұрып қалды. Станцияаралық Маяқұм, Аққұм, Шиелі мен Түркістан, Шымкент пен Арыс, Арыс пен Сарыағаш жолдарында осындай тастанды пойыздар көбейіп кетті. Десе де, команда басшыларының, біздің мекеме күзетшілерінің әрдайым қадағалап, жүктердің қауіпсіздігін тексеріп тұруының арқасында ол пойыздардың «мұрты да бұзылмай» аман-есен діттеген жеріне жөнелтілді, – дейді «ӘТЖК» АҚ Шымкент филиалы директорының міндетін атқарушы Бақтияр Амалдықов.

Әскерилендірілген темір жол күзетінсіз Қазақстан темір жолының жүк тасымалын қауіпсіз дей алмаймыз. Сол үшін күзет қызметіне кез келген адам жұмысқа алынбайды, конкурс талабы қатаң. Жұмысқа қабылдауда әскерде болған, шыныққан жас азаматтарға көбірек көңіл бөлінеді, өйткені бұл салада жұмыс істеу қиын да қауіпті. Бахтияр Қаратайұлының айтуынша, жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық келісімшарт талаптарында бірінші кезекте қаралады.

2018 жылы өндірістік қауіпсіздік шарттары толық сақталған, жұмысшылар тарапынан ешқандай төтенше жағдай орын алған жоқ. Сонымен қатар, жоспарға сай күзетшілерге қосымша сабақтар өткізіліп , одан басқа жоспардан тыс нұсқаулар беріліп, олардың біліктілігі тексеріліп тұрады. Жоғарыдағы жақсы көрсеткіштер осының арқасы деп санайды филиал басшысы.

– Біз Cекceуіл станциясы арқылы Aқтөбе филиалымен шекараласпыз, Сексеуілден Жезқазған тарапына, ал Қоскөлде жаңадан салынған Сексеуіл теміржолы аралығында Қарағанды филиалымен шекараласпыз. Шығысымызда Түлкібас станциясы арқылы Тараз қаласы филиалымен шекараласпыз. Ең бастысы мемлекетаралық түйіспе Сарыағаш станциясынан Өзбекстан теміржолына тасымалданатын жүктер өткіземіз. Түйіспе станция болғаны үшін әр уақытта Өзбекстан теміржолшыларымен, Сарыағаш теміржолшыларымен жүктерді шығынсыз өткізуге әрекет етеміз. Жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, командалар саны жеткілікті. Бір ғана Шымкентте – Шымкент мұнай өңдеу зауыты, Текесу станциясы, Қазығұрт жанармай станциясынан тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмыз, – деді филиал директорының орынбасары – директордың міндетін атқарушы Б. Амалдықов.

Шымкент филиалында барлығы 1500 аса күзетші еңбек етеді екен. Теміржолдағы бір минут та толас таппайтын қозғалыспен ілесіп жүріп жұмыс істейтін күзетшілер үшін күн мен түн бірдей. Мәселен, бір ғана Арыс станциясы күніне 50-60 пойыз қабылдайды және соншасын жөнелтеді делік. Олардың бәріне күзет қызметін көрсетіп, вагондарды жеке-жеке тексеріп, қабылдап алып, шығарып салып, шекараға дейін ілеспе күзетпен барып, келесі филиал күзетәіне тапсыратын күзетшілер еңбегі, сөз жоқ, қандай құрметке болсын лайық.      

 – Мысалы, сізге жүгіңізді жөнелту керек. Ол үшін келісімшартпен вагон алып теміржолға тапсырасыз. Ал оның межелі жерге аман-есен жету жауапкершілігі біздің мойнымызда. Сол сияқты, елімізден транзиттік контейнер пойыздар көп өтеді. Бұл дегенің өзге мемлекеттер біздің мемлекетке сенеді деген сөз.

Демек, сол сенімді ақтау – біздің міндетіміз, – дейді Б.Амалдықов күзет қызметінің маңызын бір ауыз сөбен түйіндеп.

Алып-қосарымыз жоқ. Яғни, жүк тасымалы сенімді қолда деген сөз.

Жансая СЫДЫҚБАЙ, Шымкент қаласы