Зайырлы қоғамға жат

Діни экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатеріне қоғамның назарын аудару, олардың теміржол саласында таратылуының алдын алу мақсатында Қызылорда ЖТ бөлімшесінің мәжіліс залында құзырлы органдардың өкілдерімен еркін форматта кездесу өтті. 

 «Теміржолшылар – діни экстремизм мен терроризмге қарсы» тақырыбында өткен кездесуде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зеттеу орталығының бас маманы Бақтияр Оспанов көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігіне тоқтап, дін саласындағы өзгерістерден туындайтын қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын айтты. Сонымен қатар әрбір адамның діни экстремизм секілді қоғамға жат ағымдармен күресті өзінен бастауын, әртүрлі секталардың, экстремистік топтардың қауіптерін отбасында балаларына, жанашыр жақындарына айтып қана қоймай, бақылау жасап қадағалау керектігін жеткізді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Бауыржан Раханов экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдарына тоқтап, экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру керектігін жеткізді. Сонымен қатар бұған дейін әртүрлі эксперимент жаттығулардың жүргізілгенін және ол ескертулермен шектелгенін айта келе, бұдан былай бұл істе шаралар қолданылатынын да ескертіп, әрбір адамды сергек болуға шақырды.

«Теміржол» партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде темір жол қатынасының маңызын, қазір жүк айналымының негізгі бөлігі осы саланың үлесіне тиетінін және темір жол көлігіндегі қауіпсіздік мәселесінің күрделілігін айта келе, теміржолшыларды саладағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, түрлі қылмыстың орын алмауы үшін күресіп, заңсыздыққа жол бермеуге шақырды.

 Құзыретті органдар мен мекемелерге барынша сақ әрі объективті болу , жарылғыш заттарды тасымалдауға тосқауыл қою керектігі де тілге тиек етілді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда