Таразда болашақ теміржолшылар кей пәндерді ағылшын тілінде оқитын болды

Тараз теміржол көлігі және коммуникация колледжі үштілділікті дамыту мақсатында өткен жылдан бастап бірқатар пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшті.    

2018-2019 оқу жылының бірінші жартыжылдығында 72,6 пайыз білім сапасын көрсетіп отырған колледжде бүгінде барлығы 762 студент бар. Оның 718-і мемлекеттік тапсырыс есебінен білім алуда. Қазіргі таңда Тараз теміржол көлігі және коммуникация колледжі уақыт талабына сай еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауды барынша ескеруде.

– Мәселен, биыл біз «Электоровоз» машинисінің көмекшісі, «Вагондарды қараушы» секілді мамандықтарды оқытсақ, келер жылы «Тепловоз машинисінің көмекшісі», «Теміржол станциясының кезекшісі» секілді мамандықтар бойынша кадр дайындаймыз. Колледж әдеттегідей жылда тұрақты түрде мамандар дайындаумен қатар бұл шәкірттердің қиналмай жұмысқа тұрып кетуіне де өз септігін тигізуде, – деді колледж директоры.

Бұл оқу орнының Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі, локомотив пайдалану депосы, белгі беру және байланыс дистанциясы, жол дистанциясы секілді 31 әлеуметтік серіктестігі бар. Оқушылар көбіне осы серіктестіктер арқылы өндірістік тәжірибеден өтіп, сол мекемелерге жұмысқа тұрады екен. Мәселен, студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 2016-2017 оқу жылында 83 пайызды құраса, 2017-2018 оқу жылында бұл көрсеткіш 95 пайызға жеткен. Ал 2018-2019 оқу жылына 95 пайыз жоспарланса, әзірге бұл меже 70 пайызды құрап тұр.

Колледждің материалдық-техникалық базасының әлеуеті, білімгерлердің деңгейі, педагог кадрлардың сапалық құрамы, ұстаздар мен студенттердің жетістігі сөз болған жиынға қатысушылар оқу ордасының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, 

Тараз