Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясы: Жауапкершілік жүгі жеңіл емес

Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясы үшін өткен жыл жетістіктерге жеткен жыл ретінде есте қалды. Дистанцияның еңбек қорғау жөніндегі жетекші инженері Гүлайна Бейсенованың айтуынша, «Жұмысшылардың санитарлық-тұрмыстық жағдайын жақсарту» айлығына сәйкес, сонау кеңестік кезеңнен қолданылып келе жатқан құрылғыларды жаңарту процесі былтыр бірінші рет жүзеге асырылды.  

Өткен жылы Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясына қарасты Түлкібас және Жылға қосалқы тарту станциялары жүйесінде модернизациялау бойынша кеңейтілген жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, Түлкібас қосалқы станциясына 220 кВ бойынша жаңартылған электр қондырғылары енгізіліп, жаңа құрал-жабдықтар орнатылыпты.

Сонымен қатар, тағы бір ерекше жаңалық, алдағы уақытта Жылға қосалқы тарту станциясына «EcoProTech-Astana» ЖШС жобасы шеңберінде күн электр станциясының құрылысы салынбақшы.

Жұмысшыларға жағдай жасау, еңбегін қорғау бағытында күнгей аймақтағы мекемеге қарасты 21 цехтың 314 жұмысшысы тоңазытқыш, микротолқынды пеш, электр шәйнек, электр жылытқыш сияқты тұрмыстық заттармен тапсырыс бойынша қамтамасыз етілді. Жұмысшы-қызметкерлер мекеме тарапынан еңбек қорғауға байланысты жасалып жатқан қамқорлықты сезініп отыр. «Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28284 теңгеден 42500 теңгеге көтерілсін деген Елбасы жарлығына сәйкес, Компания жұмысшыларға әлеуметтік пакет әзірлеуде. Онда бір баланың туылғанына бұрынғыдай 56568 теңге емес, 85000 теңге материалдық жәрдем ұсынылады және балалар санына қарай да Компания қызметкерлерді қолдауды жалғастыруда», – дейді еңбек қорғау инженері .

Жыл сайын дистанция бойынша нормативтік-техникалық құжаттаманы білуден шеберлік байқауын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Байқауда жеңіске жеткендер дистанцияның кадрлар резервіне қойылады, ондағы мақсат – жұмысшылардың білімге деген құштарлығын арттыру, біліктілігін жоғарылатуы. Мәселен, өткен жылғы байқаудың жеңімпазы Бекарыс Әбділазим Түркістан аудандық электр жүйесін басқаруға ұсынылды. Тағы бір жеңімпаз, Ербол Палванов техникалық бөлімінің инженері болып тағайындалған, кейіннен Арыс-1 түйіспелі торап ауданының аға электрмеханигі болып тағайындалды. Міне, байқаудың осындай жұмысшыларды алға ұмтылдыратын ынталандыруы өз жемісін беріп отырғаны сөзсіз.   

Дистанция басшылығының ұсынысымен өткен жылы «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау күні» бойынша «Медикер» ЖШС өкілдерімен жиын ұйымдастырылған. Онда ақ халатты мамандар жұмыс кезінде инсульт, қан қысымы төмендеп немесе көтеріліп кеткен, дене жарақатын алған адамға қандай алғашқы медициналық жәрдем көрсету керектігі туралы практикалық шаралармен таныстырған.

– Жалпы, бүкіл желі бойын, оған қоса сол жол бойындағы елді мекендерді электрмен қамтиын мекеменің жауапкершілік жүгі тіпті де жеңіл емес.   

2018 жылдың қорытындысы бойынша, кешенді жоспарды игеру 6 788 000 теңгені құрады, жоспар бойынша оның 6 882 380 теңгесі игерілді.

«Жолда адам» ақпараттық жүйесі бойынша ешқандай ескерту болған жоқ. Бекітілген келісім-шартқа сәйкес, тиісті жұмысшылар 1000 литр сүтпен қамтамасыз етілді. Дистанцияда барлық жұмыстар ППР кестесімен жүргізілуде, – дейді жетекші инженер Г.Бейсенова.

Шымкент қаласы Қазақстанның Астана, Алматы қалаларынан кейінгі үшінші мегаполисі статусын алғаны аймақтағы барлық кәсіпорынның қызметіне екі есе жауапкершілік жүктегені анық. Солардың бірі – Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясы десек, қателеспейміз.    

Жан ПЕРДЕБЕК, Шымкент