Қырқыншы станция қызметкерлері 40 отбасыға көтеріңкі көңіл күй сыйлады

Қырқыншы станциясының ұжымында Жаңа жыл қарсаңында қызметкерлер арасынан 40 отбасының үйіне мекеме атынан Аяз ата мен Ақша қар барып, Жаңа жылдық бағдарлама ұйымдастырылды.  

  Барлығы 168 адам еңбек ететін ұжымда бұл бастаманы станция басшысы Дастан Онбесбаев көтеріп, Жаңа жыл қарсаңында теміржолшылар балаларына шаттық сыйлайтын шараны өткізді. Пойыз құрастырушы Сұлтан Сәдуақасов Аяз ата, ал жүк пенен багаж қабылдап, жөнелтуші Назерке Әділханова Ақша қар болып киінді. Өздері теміржолшы болса да, барынша шығармашылық қабілеттерін көрсете білген олар әр шаңыраққа барғанда балаларды қызықты ойындарға тартып, өлең, ән айтқыздырды.

- Осымен екінші жыл қатарынан Ақша қар болып, үйлерді аралауға шығып тұрмын. Аяз атаны асыға күтетін, оның барына сенетін балаларға шаттық сыйлау, олардың жүзіндегі қуанышты көру сондай керемет. Бірге әуенді микрофон алып барғанбыз, соның музыкасымен балаларды билеттік. Астанада тұратын 40 отбасын 2 күн жүріп араладық, - дейді Ақша қар - Назерке.

Өзі де станцияның жас маманы ретінде белсенді қызметімен көзге түскен ол қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылады екен. Ал пойыз құрастырушы болып екі жылдан бері еңбек ететін Сұлтан бірінші рет Аяз ата болып тұр.

- Екі күнде соншалықты көп үйге кіріп шыққасын, біртіндеп төселе бастадым. Бастапқыда сөз табу қиын, ал соңғы үйлерге кіргенде еркін көсілетін болдым. Әрине, теміржолшы маманы үшін бұл күнделікті тіршіліктен бөлек қызықты сәттер болары сөзсіз. Маған сенім артқан ұжымға рахмет. Балалардың қуанғанын көріп, өзіміз де көңіл көтердік, - дейді Сұлтан.

Қашан да осындай тың бастамаларымен ерекшеленіп жүретін Қырқыншы станциясының ұжымы бұл дәстүрді келесі жылы да жалғастыруды көздеп отыр.

Ұлан ОРАЗ 

Суретті түсірген автор