«Түркістан - Шымкент» бағытындағы қала маңы жүрдек пойызы жолға шықты

Жаңа жыл оңтүстік халқы үшін жағымды жаңалықпен басталды. «Қала маңы тасымалы» АҚ (ұлттық тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ еншілес кәсіпорны) «Түркістан - Шымкент» жүрдек қаламаңы пойызының жаңа бағытын іске қосты.     

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, ал Түркістан қаласы облыс орталығы болып құрылғаны белгілі. Түркістан облыс орталығына айналғалы әрине, ең алдымен Шымкенттен қоныс аударған әкімшілік және басқа да мекемелер бар, қатынап жұмыс істейтіндер саны күрт артқан. Оған облыс орталығына түрлі шаруамен ат сабылтатын жергілікті тұрғындарды қосыңыз, қысқасы, Түркістанға қатынайтын халық көбейген.

Қазіргі таңда жаңа облыс орталығының қалыптасуы мен қарқынды дамуына Қазақстан теміржолшылары да өз үлесін қосуда. Қос қаланың арасын жалғайтын жергілікті пойыздың тұсауын кесуге арналған салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі міндетін атқарушы Қайрат Нүкенов, «Қала маңы тасымалы» АҚ президенті Мұхтарбек Сүлейменов бастаған теміржолшылар мен жергілікті халық қатысты.

 «Түркістан-Шымкент» бағытына қатынайтын пойыз аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері жүреді. Жол жүру уақыты – 2 сағат 15 минут. Пойыздағы жалпы орын саны – 175. Құрам қазіргі заманғы жылыту және желдеткіш жүйесімен, арбадағы мүгедектерге арналған көтергіш құрылғылар және орындармен жабдықталған. Жолақысы 609 теңгені құрайды. Жедел пойыз дүйсенбі күні Шымкент қаласынан сағат 05:45-те, жұма күні 19:25-те Түркістаннан шығады. Жолда тек Арыс қаласына ғана аялдайды. Билетті кез келген кассадан және де интернет арқылы да алуға болады.

– Мемлекетіміздің рухани ордасы Түркістан халқына қызмет ететін пойызға қызмет жасауға дайынбыз. Пойыз соңғы үлгідегі бүкіл талаптарға сай. Облыс басшысы айтқандай, екі вагоннан тұратын жүрдек пойыздың жүру уақыты 2 сағат 15 минутқа қысқартылды. Вагонның ішінде қысы-жазы температуралық режим сақталған. Жол жүру бекітілген заңдылықтарға сай 1 шаршы метрге бес адамнан келеді. Бұл – дүниежүзіндегі стандартқа сай қабылданған қағида. Адамдар өзара келіссе, орын болмаған жағдайда вагон ішінде тұрып та келе беруге болады. Оның заңға қайшылығы жоқ. Алдағы уақытта аталған пойыздың тағы да уақытын тездетіп, күндерін көбейтуге болады, – деді «Қала маңы тасымалы» АҚ президенті Мұхтарбек Сүлейменов.

Бұдан бөлек, «Қала маңын тасымалы» АҚ аптасына 5 рет қатынайтын әлеуметтік маңызы бар «Түркістан-Бадам» және «Түркістан-Сарыағаш» бағыттарын да іске қосқанын да айта кетейік. «Түркістан-Бадам» пойызының жол жүру уақыты 3 сағатты құрайды және Компания бұл бағытты Шымкент қаласына дейін ұзартуды жоспарлауда. «Түркістан-Сарыағаш» бағыты жаңа әкімшілік орталықты облыстың оңтүстік аудандарымен байланыстырады. Жаңа "Түркістан-Сарыағаш" бағытында жол жүру уақыты 5 сағат 20 минутты құрайды.

Жансая СЫДЫҚБАЙ, Шымкент-Түркістан 

Суретті түсірген автор