Семейдің өнерлі жас теміржолшылары әріптестерін бір қуантты

Семей ЖТ бөлімшесі жастары теміржолшы қауымына мерекелік тосынсый жасады.
Осыған дейін бөлімше басшысы Марлен Көкрекбаевтың қолдауымен желі бойындағы Аягөз, Жарма мен Жаңғызтөбе, Шар сынды станцияларда концерттік сапарлармен болып қайтқан  жастар ұйымының өнерпаздары бұл жолы жергілікті семейлік әріптестеріне тың тартулар әзірлепті.  
Ұлттық компания бойынша кеңінен танылып, Жайдарман жұлдызына айналған қыз-жігіттер бұл жолы да жарады. Сахна шымылдығын «12 үстел» фильмі бойынша әзірленген музыкалық композициямен ашқан жастар дәстүрлі ән мен батыстық рок әуенін қатар үйлестіріпті. Негізгі ұйымдастырушылар қатарында әдеттегідей Ләззат Айтмұханова, Айгерім Тоқпанова сынды жастардың белсенділігі жоғары болды.
Жалпы, өнерпаз жігіттер қатарында Жаңа-Семей станциясының кезекшісі Дулат Омаров, «А» посты бойынша кезекші Бекзат Мурасилов, «Солтүстік Ертіс» посты бойынша кезекші Абылай Айдарбек, сұрыптау дөңесінің кезекшісі Дастан Мусаинов пен бағыттама постының аға кезекшісі Ержан Қуатбаев, ШЧ-29 мекемесінің электромеханигі Бейбіт Қозыбақовтардың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Ұлттық нақыштағы билер биленіп, аға буын үшін ретро әуендер қалықтаған концерт көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болды. 

Қуаныш Қожаев, Семей