Жұмыс нәтижелі, көрсеткіш көтеріңкі

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі биылғы жылды табысты аяқтауда. Жыл бойына өңірде болат жолдың бойында сала дамуына серпін беретін талай жұмыстар жасалды.  

Тасымал тасқынын жақсарту үшін жаңа разъездер ашылды, бөлімшенің «жүрегі» Мақат станциясындағы сұрыптау дөңесі реконструкцияланды. Ақжайық және Теңдік станцияларының қуатын арттыру бағытында да біраз жұмыстар атқарылды. Қайта жаңғырудан өткен Теңдік станциясы үлкен әлеуетке ие болды. Атырау мұнай өңдеу зауытымен қоян-қолтық жұмыс істейтін станцияның қуатын арттыруды да компания басшылығы бастама етіп көтерген болатын, нәтижесінде оң шешілді. Айта кетерлігі, биылғы жыл «Станция бастығы» жылы Теңдік станциясы бастығы Болатбек Меңдешов үздік станция бастығы болып танылды.

Жалпы, станцияларда бұрмаларды түгел автоматтандырып, яғни бөлімшенің жүк өткізу қабілеті мен техникалық қуатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде вагондарды қабылдау-жөнелту тездетіліп, жұмыс та жеңілдеді. Маңғышлақ-Бейнеу-Оазис-Мақат-Атырау-Ақсарай учаскелерінде ұзындығы 1196 км құрайтын диспетчерлік орталықтандыру қондырғысы түбегейлі жаңартылды. Нәтижесінде байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып, еңбек үдерісінің үдеуіне жағымды ықпал етуде. Байланыс және белгі беру дистанцияларында сапалы байланыспен қамтамасыз етуге аса көңіл бөліп, ескі байланыс құрылғыларын жаңа үлгідегі, озық технология талаптарына сай жүргізуге көшті.

Сондай-ақ, талшықты-оптикалық байланыс желісі (ВОЛС) кабелі жүргізіліп, байланыс айтарлықтай жақсарды. Ақпарат беру жеделділігі, әсіресе, мәліметтер беру желісі арқылы жеделділік әлдеқайда артты, барлық аймақ бойынша DX-500 арқылы телефон байланысы орнатылды. Ол арқылы халықаралық сөйлесулер коммутатордың қосуынсыз немесе «8» байланыс нөмірінсіз мүмкін болды, яғни сөйлесулер жедел әрі тегін. Электр дистанциясы бойынша Аққыстау станциясында жаңа қосалқы станция салынды, соған орай жыл аяғына дейін әуе желілерінің тіректері орнатылады.

Сонымен қатар, Атырау №1 вагон пайдалану депосында оқу-жаттығу полигоны ашылды. Депода әр бейсенбі сайын болатын теориялық сабақтан кейін мамандар жаңа оқу-жаттығу полигонына барып, сол жерден практикалық тәжірибеден өтеді. Бұл полигонның ашылуы өндірістік көрсеткіштердің артуына үлкен септігін тигізуде.

Жүк және жолаушылар пойызының қауіпсіздігі мен жылдамдығына жағымды ықпал ететін жолдың сапалы жөнделуі десек, 2018 жылы аймақта 29,26 км жол күрделі жөнделіп, жүз пайызға орындалды.

2018 жылдың 11 айында пайдаланым жүк айналымы 8572,8 млнткмнеттоны құрап, жоспар 98,8 пайызға орындалды. Жалпы, бөлімше барлық 14 көрсеткіш бойынша озық шығып, жоспарды жүз пайыздан артық орындады. Жоспардың орындалуына вагондардың жүк паркін сапалы пайдалану, жүк вагондарының өнімділігін, жүрісін арттыру, тағы басқа жағдайлар ықпал еткен. Мәселен, пайдаланым жүк айналымының артуымен қоса, жүк тиеу, жүк вагоны өнімділігі, вагонның орташа тәуліктік жүрісі, вагонның статистикалық салмағы, бір жүк операциясына вагонның тұруы, локомотив жүрісі, өнімділігі, пойыздың учаскелік жылдамдығы, пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы, пойыздың орташа салмағы жоспарлары жүз пайыздық көрсеткіштен асыра орындалды.

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлім бастығы Темірхан Аманқұловтың айтуынша, 11 айда жүк тиеу көлемі орташа тәуліктік 516 вагон болып, жоспар 99,6 пайызға орындалған. Жалпы, пайдаланым жүк айналымы көлемінің әр айда әртүрлі болу себебі негізгі жүк жөнелтуші «Теңізшевройл», «Батыс Транс Групп» ЖШС тарапынан мұнай өнімдерін жіберу азайып кеткенінен болады. Яғни, зауыттың күкірт түйіршіктейтін қондырғысында сәуір-қыркүйек айлары аралығында қайта-қайта жоспарланбаған жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыс тоқтаған. Ол Құлсары станциясынан түйіршіктелген күкірт өнімінің айтарлықтай аз тиелуіне әкелген. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы мұнайды терең өңдеу кешенінде қосу-реттеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты мазут, газойль сынды мұнай өнімдері аз тиелген. Есепті мерзімде транзитті тасымал көлемі де азайғаны байқалады. Бөлімшемен 4 пойыз, 2 пойыз Қиғаш түйіспесінен, Сағыз бен Құлсары түйіспесінен бір-бір пойыздан кем алынған. Нәтижесінде тиелген вагондар жүрісінің вагон-шақырымы 5-7 пайызға азайған.

Жүк көлемі негізінен мұнай және мұнай өнімдері арқасында орындалып отыр. Жоспардың орындалуына вагондардың жүк паркін сапалы пайдалану, жүк вагондарының өнімділігін, жүрісін арттыру, т.б. жағдайлар ықпал етті. Мәселен, пайдаланым жүк айналымының артуымен қоса, жүк тиеу – 99,6%, жүк вагоны өнімділігі – 103,8%, вагонның орташа тәуліктік жүрісі – 102,3%, вагонның статистикалық салмағы – 100,8%, локомотив жүрісі – 100,5%, өнімділігі – 101,4%, пойыздың учаскелік жылдамдығы – 100,2%, пойыздың орташа салмағы 100,8% болып орындалды.

Пойыздар қозғалысының техникалық жылдамдығы 2 пайызға кем болды. Оның себебі Мақат-Атырау айналымында күрделі жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жылдамдықты шектеуге ескерту беру саны артқан. Нәтижесінде техникалық жылдамдық та кемиді. Жүк тиеу көлемі де зауыттардағы жоспарланбаған жөндеу жұмыстары әсерінен кеміп қалады. Яғни, «Теңізшевройл» ЖШС жүк тиеуден бас тартады, химикаттар уақтылы тиелмейді. Төлем қабілеті жоқ мекемелердің де бұған қатысы бар. Тиелген жүкті Теңдік станциясы арқылы алып кетуге қаржысы мен қауқары жетпей қалады. Кейде келісілген уақытта химикат, мұнай, металл сынықтары болмай қалып, жүк тиеу көлеміне кері әсер етеді. Бөлімше өндірістік-қаржылық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін ҚТЖ бойынша салалық жарыстың жеңімпазы атанып, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 1-ші орынды иеленді. Екінші, үшінші тоқсан бойынша да жетістік төмен болған жоқ.

2018 жылдың алғашқы тоқсанында салалық жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды иемденген Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде жүк көлемінің жоспары әрине, мұнай және мұнай өнімдері арқасында орындалып отыр. 

Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау