Таразда болашақ теміржолшыларға қызмет көрсететін электрондық орталық ашылды

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында №13 Тараз теміржол колледжінде «Студенттерге қызмет көрсетудің электрондық орталығы» ашылды. 

Бұл шара қызмет көрсету орталықтарын облысымызда эстафета жолдау арқылы ашу тәжірбиесі аясында жүзеге асып отыр. Орталықты «SANALY URPAQ» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қ.Токушев және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахитя Тұрмаханбетова салтанатты түрде ашты. Іс-шарада колледж оқытушылары мен студенттері келген қонақтарға электронды қызмет алу бағдарламасымен таныстырды.  

Сондай-ақ, колледж директоры Нұржан Нұралиев «Студенттерге қызмет көрсетудің электрондық орталығын» ашу эстафетасын әрі қарай «Тараз сервис және технология» колледжіне табыстады.

– Бүгінгі күні елімізде темір жол саласында да цифрландыру жүйесі мықтап қолға алынып отыр. Сондықтан болашақ теміржолшылар осы цифрландыру жүйесіндегі жаңашылдықтарға дайын болсын деген ниетпен орталықтың колледжде ашылуына мұрындық болдық. Болашақ теміржолшылар жан-жақты маман болып шығатындығына сенімдіміз, – дейді №13 Тараз темір жол колледжінің директоры Нұржан Нұралиев.

Арсен БАЙЗАҚ, Тараз 

Суретті түсірген автор