ШҚО: Жүк операциялары технологиялық талапқа сай

Cемей ЖТ бөлімшесінде соңғы айлардың қорытындысы бойынша, әсіресе жүк тасымалында елеулі жетістіктердің орын алғаны айқын байқалады. Жыл басында әзірленген жоспарлы шаралар түгелге жуық орындалуда. Соның нәтижесінде жүк тиеу мен түсіру және жөнелту іркіліссіз жүргізіліп, межелі жұмыстар мезгілінде орындалуда. 

Семейлік теміржолшылар ағымдағы жылы да ауыр салмақты пойыздарды, ұзын жылжымалы құрамдарды жасақтап жолға шығару арқылы уақыт пен шығынды үнемдеп, тың табыстарға жетуді басты бағдар етіп алған. Оған бөлімшеге қарасты барлық жүк станцияларындағы техникалық үдерістер толық мүмкіндік берді. Мәселен, Семей қаласындағы үлкен өндірістік аймақта орын тепкен Жаңа Семей жүк станциясында ағымдағы жылдың 10 айында 2674 вагонға жүк тиеу жоспарланған болса, бұл көрсеткіш 350,2 пайызға орындалып, 9364 вагон болған. Дәл осындай рекордтық нәтиже Дегелең, Суықбұлақ, Семей сынды тораптық станцияларда да орын алуда. Мамандар бұл жайтқа теміржолмен тасымал жүргізуге клиенттерді көптеп тарту және өңірдегі өндіріс пен орта бизнестің өркендеуін басты себеп ретінде атайды. Қазіргі таңда бұл станцияларда жүргізілетін жүк операциялары механикаландырылған әрі өндіріс барысы толық дистанциялық түрде жүзеге асырылуда.

Ағымдағы жылдың 10 айында вагондарға тиелген жүктің басым көлемін аймақтағы жеке серіктестіктердің тауарлары құраған. Атап айтсақ, түсті металл тиеу өткен жылмен салыстырғанда 138 пайызға, ал тыңайтқыштар – 109, құрылыс материалдары 140 пайызға артыпты. Мұндай мысалды әлі де көптеп келтіруге болады. Жүк тиеу мен түсіруде үлес салмағы басым тауарлар қатарына мұнай өнімдері, қағаз, түсті металл, ұн, автокөліктер, метиз, көмір, азық-түлік және цемент пен ауылшаруашылық өнімдері жатады.

Теміржолшылар үшін жүк жеткізудегі басты ауыртпашылық барлық вагондарды дер кезінде жинап алу мен желі бойындағы жөндеу жұмыстары болыпты. Мысалы, соңғы 10 ай бойынша бөлімшеде жалпы уақыты 3138,32 сағатты құрайтын 871 технологиялық толаскез орын алған.

– Жүк пойыздарын жолға шығаруда бірінші кезекте жүк тиеу операцияларын толық талапқа сай жүргізу мен жергілікті вагон айналымын қадағалаудың маңызы зор. Сонымен қатар, бөлімше бойынша жүк айналымының нәтижелі жүргізілуіне белгіленген динамикалық жүктеменің қалыптылығы, телімдік және техникалық жылдамдықтың жоғарылығы да елеулі түрде себеп болды, – дейді бөлімшенің жедел өкім беру бөлімінің жетекші инженері Зульфия Тәуірбекқызы.

Тораптық станциялар бойынша вагондарды өңдеуге және құрастыруға кететін уақытты үнемдеу тиелінген жүкті мерзімінде жеткізуде берер мүмкіндігі зор. Оның үстіне ағымдағы жылы қараша айының 1-іне дейінгі көрсеткіш бойынша бөлімшеде жалпы саны 1392 аса ұзын жылжымалы құрамдар жолға шығарылған болатын.

– Жүк айналымының өсуіне оң ықпал еткен шара өткен жылы жүзеге асқан келісімді коммерциялық жұмыстың автоматтандырылған басқару жүйесі болып отыр. Қазіргі таңда бұл жүйеге станциялар 100 пайыз қосылды. Нәтижесінде жүк жөнелтуге тапсырыс берушілер саны да еселенді, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімінің аға инженері Айтолқын Мұхамедярова.

Семейлік теміржолшылар жыл соңына дейін жоспарлы шараларды толығымен орындап, пайыздық үстемемен аяқтауды міндет тұтып отыр. Ал бұған барлық алғышарттар жасалынған.

Қуаныш Қожаев, Семей