Бекежан Бөкенов: "Теміржол вокзалы - түрлі тағдырлар тоғысатын орын"

Арман қуып Астанаға келген жас теміржолшы Бекежан Бөкенов күніне жүздеген жолаушыға қызмет көрсетеді. Адасып жол сұрағаны, пойыздан кешіккені, туысын іздегені бар, алдымен вокзалдағы анықтама бөліміне жолығады. Мұнда түрлі сауалмен жолығады. Бекежан бүгінде ғаламторда теміржолға қатысты парақшаны да жүргізіп келеді. Ұжымда белсенді, қоғамдық шаралардан қалмайды. Ұлттық компанияда қолға алынған жастар саясаты арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен дос тапқанын мақтанышпен айтады.

«Қазақстанның кез келген облысында менің үйім бар, қайда барсаң да теміржолшыларым күтіп алады. Олармен жастар форумдарында таныстық, бүгінде бір үйдің балаларындай араласып кеттік, бір-бірімізді сағынатын кездер болады, тіпті іздейміз», - дейді ол.

Қарағандыда туып, Таразда өскен, Алматыда оқып, еңбек жолын Қызылордада бастаған ол бүгінде «Нұрлы жол» вокзалы анықтама бөлімінің кезекшісі. Жас жігіт белсенді. Қоғамдық өмірмен қоса, ғаламторда энтузиаст достарымен пабликтер ашып, теміржол саласы имиджін насихаттап отырады. Бір қызығы, ақы үшін емес, тегін. Әрі, энтузиазмға толы жігіттің жазғандары жазбалары мен парақшасындағы контентті кез келген кәсіби маман жасай алмайды.

Вокзалдың анықтама бөлімінде 4 ауысым жұмыс істейді. Әр ауысымда 6 кезекшіден болады. Вокзалдағы анықтама бөлімінен әдеттегісінше адам арылмайды. Мұнда күндіз-түні жолаушы не вокзалға келген тұрғындар. Бірі билет бойынша сұрап жатады, екіншісі пойыздан қалып қойып жатады, тағы бірі күткен адамын іздейді.

«Сұрақтың түр-түрі келіп түседі. Барлығына дайын болуымыз керек. Тіпті, құзырымызға кірмесе де, кейбір сұрақтарына жауап іздеуге тырысамыз. Мәселен, Астанадағы емхананың орналасқан мекенжайын сұрайтындар бар, қаланың орталығына шығып, Елорданың әсем жақтарын көргісі келетіндер бар. Жол көрсетіп, қандай маршрутпен жетуге болатынына дейін айтып береміз», - дейді ол.

Вокзалда небір қызықты жайттар болып жатады. Кейде қуаныштарымен бөлісіп жатады, кейде мұңлы адамдарды көріп, жүрегің ауыратын кездер болады. Күтіп алып жатады, шығарып салатындар бар. Гүл шоқтары, камера, қуаныштар...

«Бірде бір қызық жағдай болды. Үлкен кісі жолығып, Қарағандыдан Талға келу керек еді дейді. «Маған Талғаны тауып берші, Талға керек» деп қоймайды. Ең болмағанда фамилиясын айтсаңыз, хабарлама жасап, сұрастырайық десем, «Талға, Талға» деп іліп әкетіп барады. Сөйтсек, «Тальго» пойызының келу уақытын сұраған екен. Әрине, барлығы жақсы болсын дейміз ғой. Бірде үлкен апай пойыздан үсті. Баласы күтіп алу керек. Бірақ, келмеді. Телефоны жоқ екен. Содан кейуана бір-екі сағат залда күтіп отырды. Бір кезде көзіне жас алды. «Мені балам тастап кетті, ешкім күтіп алмады. Үлкен қалада бір өзім қалдым» деген сарында әңгіме айтып, жылап алды. Сөйтсек, баласы Қарағанды жақта жұмыста екен. Анасын күту үшін еске вокзалға барыпты. Ал пойыз бірден «Нұрлы жолға» аялдайтынын білмесе керек. Әйтеуір келді бала. Содан, әлгі апай тағы жылады. Бұл жолы, әрине, қуаныштан өзін ұстай алмаса керек», - деп еске алады анықтама бөлімінің кезекшісі.

Қарағандыда дүниеге келген Бекежан балалық шағын Таразда өтізген. Алматыда теміржол оқуын тәмамдап, жолдамамен Қызылордада еңбек жолын бастайды. Ондағы жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Белкөл станциясында жүк тапсырушы – қабылдап алушы болып, қызмет етеді. Аз уақытта Қызылорданың барлық белсендісімен тіл табысып, жастар форумдарына қатысып жүреді. Тіпті сол кезде локомотив депосында машинист көмекшісі болып жүрген Геннадий Шиповскихтің аяқ асты Парламент мәжілісі депутаты болып кеткенін мақтанышпен еске алып отырады. Әріптестері Бекежанның өңірде көп тұрақтамай, күндердің күнінде Астанадан бір-ақ шығатынын әзілдеп болса да болжап жүретін болса керек.

Бекежан еңбек демалысында санаторий-курорт не шетел аспай, ауылға асығады. Тараздағы ата-анасы мен бауырларын сағынатынын айтады. Анасы дәрігер, әкесі құқық қорғау саласынан зейнет демалысына шыққан. Өзінен кейін қарындасы мен інісі бар.

«Отбасыда теміржолда тек өзіммін. Бірақ, әкемнің ағасының екі ұлы машинистер. Теміржолға қызығушылығымды солар оятқан болу керек. «Тепловоз жүргізеді, қандай керемет деп ойлайтынмын. Бала кезімде Тараздан Атырауға нағашыларыма жиі баратынбыз. Сол кезде де бір машинист бірнеше тәулік пойызды жүргізеді деп ойлап келдім», - деп күледі жас теміржолшы.

Теміржолға деген бала махаббаты бүгінде оны осы салаға жетелеп әкелді. Жас маманның мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Әрдайым ізденіс үстінде, жаңашылдыққа жны құмар.

Асқар Ақтілеу, Астана

Суретте Бекежан Бөкенов