Берікбай Айтыманов, Бейнеу жол дистанциясы директоры: Өндіріс болғасын оңай атқарылатын жұмыс болмайды

Бүгінде тоғыз жолдың торабына айналған Бейнеу станциясының жол күтімін жасайтын Бейнеу жол дистанциясының ұжымы биылғы жылдың 10 айын қозғалыс қауіпсіздігіне сын келтірмей, талап үдесіне сай қорытындылады.   

Бұған күзгі байқау барысында да көз жеткізілді. Дистанция бастығы Берікбай Айтымановтың айтуынша, Маңғыстау ЖТ бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашовтың басшылығымен өткен комиссиялық тексеру кезінде жол шаруашылығының жағдайы жан-жақты тексерілген. Сол уақытта табылған кемшіліктермен жұмыс жүргізіліп, оларды алдағы уақытта болдырмау үшін жауапты қызметкерлерге тапсырмалар берілген. Жалпы жол шаруашылығының жағдайына және қысқы жұмыстарға дайындық бойынша талдау жұмыстары жасалған. Соның ішінде үнемі жұмысқа кедергі болып келген қызметкерлерді тасымалдайтын АСК көлігінің уақытында жұмыс орнына жетуіне назар аударылды. Ол бойынша пойыздық диспетчерге нақты тапсырмалар берілді. Жылда көктемдік және күздік байқау қорытындысында мәселе болатын құрал-саймандардың жетіспеушілігі және оның сапасының төмендігі, арнайы киімдердің сапасыздығы жөнінде мәселелер қаралатын болды.

Жолдың ағымдық күтіміне келер болсақ, балдық көрсеткіш жоспар бойынша 10 айда 74 балл болып белгіленсе, оның орындалу көрсеткіші 58 балды құраған, яғни 122% орындалған. Дистанция бастығының айтуынша, мекеме бойынша 3-ші дәрежелі ақау 143-шақырымда орын алып отыр. Қанағаттанарлықсыз шақырымдар былтырғы жылмен салыстырғанда 9 км азайған.

Жазғы жол жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, өткен 10 айда, мысалы, 26,031 км жолға, яғни 5, 6 бекеттер аралықтарындағы және 8-10 пикет аралығындағы жолға күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар Сайөтес станциясындағы және Үстірт станциясындағы барлығы 1,9 км жолдың ескі рельстері Р-65 типті рельске ауыстырылған. 6 бекетте 2 жиынтық бұрмалар жаңартылған.

Су жаңа материалдар да келді. 3029 дана 2-ші типті жаңа шпалдар жеткізіліп, олар 3-бекет-Үстірт аралықтарына, Үстірт пен 5-бекет, 6-7 бекеттер, 7-бекет пен Сайөтес және Сайөтес пен 9-бекет аралықтарына салынды. Бағыттағыш бұрма темірбетон білеулермен ауыстыруға 2 жиынтық, сонымен қатар айқаспалар мен өзге де материалдар жеткізілген.

– Дистанция бойынша темір жолды малға қарсы қоршау 76,7 шақырымды құрайды. Жолда мал жүру мәселесі қашан да өзекті. Іс-шара жасақтап, темір жол бойындағы 6 елді мекенге және 2 аудан әкімдеріне хат жолданды, біз малдың темір жол жиегінде жайылмауын, сол үшін бақташы қызметін ұйымдастыру керек екенін ескерттік. Алайда әкімдік тарапынан ешқандай нәтиже болмай отыр. Осыған байланысты темір жол бойында төрт түліктің қараусыз жайылуы жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысына және жолаушыларға қауіп төндіріп жатқанын ескертіп аудандық газетке «Темір жолда қараусыз малдар көбейіп тұр» атты мақала да жарияланды. Телімге жауапты жол шеберлері ай сайын ауыл аралап, мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады, – деді дистанция бастығы Б.Айтыманов. 

Мекеме басшысы осы жұмыстардың бәрі ұжымның өз кәсібін жақсы меңгерген тәжірибелі жолшыларының еңбегі арқасында мінсіз атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Қ.Исаев, Р.Дүйсенов сынды жол жөндеушілер, жасанды құрылыс жөндеуші Т.Нұрбердиев, ДГКУ жүргізушісі Ж.Мұсаев, оператор Б.Молдабеков, жол бапкерлері Б.Адуллаұлы, М.Құрбанов, жол шеберлері А.Құттығұлов, Б.Табылдиев, Т.Сырымов, Д.Абдыров, аға жол шеберлері А.Сеңгірбеков, О.Ажмұратов секілді кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еңбегін ерекше атап өтті. Биыл теміржолшылар күні мерекесіне орай Т.Нұрбердиев «Адал еңбегі үшін», Б.Табылдиев «Үздік маман» төсбелгісіне, ал А.Құттығұлов, Д.Абдыров, А.Сеңгірбеков, О.Ажмұратов Құрмет грамотасына ие болыпты.    

– Өндіріс болғасын оңай атқарылатын жұмыс болмайды, соның ішінде біздің дистанция бойынша Сайөтес пен №9 бекет аралығында қызмет көрсететін 12,13 айналымның екі желілі 56 км жолы, радиусы 650 метрден кем 74 бұрылысты телімі, 10 көпір, 54 темірбетонды құбыры бар өте қиын участок болып есептеледі. Бұл телімді үнемі 15-20 балдық көрсеткіште ұстап тұрған жол шебері Ж.Бабақұлов, Д.Абдыров пен жол бапкерлері Е.Емешов, С.Шамбаев, Б.Артықбаев, Б.Әбілтөреевтердің еңбегі ерекше атап өтуге лайық, – дейді Бейнеу жолының бабын жасап жатқан жолшылар жетекшісі.

 Райхан РАХМЕТОВА

Суретті түсірген автор