«Link» бағдарламасымен техникалық сабақ өтті

«ҚТЖ» ЖТ» АҚ» Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі өндірісті цифрландыруда тәп-тәуір жетістіктеріне қол жеткізуде. Мысалы, бөлімшеде алғашқылар қатарында тікелей видео байланыс арқылы техникалық сабақ өткізу әдісі қолға алынды.    

7-8 қараша күндері Ақтөбе станциясында «Link» бағдарламасымен екі күндік техникалық оқу сабағы жүргізілді. Заманауи әдістегі цифрландыру жүйесін қолдану арқылы өткен дәріске 100-ге жуық теміржолшы қатысты. Астанадан арнайы келген орталық аппараттың мамандары техникалық сабақтың өту барысын қадағалап отырды.

«Link» бағдарламасымен арқылы өткізілген техникалық сабақта жеті тақырып қамтылды. Оған станция басшысы мен олардың көмекшілері, бөлімдегі өндіріс қауіпсіздігіне жауапты мамандар, бас инженерлер қатысты. Техникалық сабақтың жүргізілу әдісін бас аппараттан келген мамандар мен техникалық бөлім басшылары қадағалап отырды. Бағдарламаның ерекшелігі бұрынғыдай станцияға бару үшін алыс жол жүрудің қажеті жоқ. Яғни станциялармен видеобайланыс арқылы бақылау мүмкіндігі жоғары.

– «Link» бағдарламасымен алғаш рет сынақ түрінде өткен дәрісті ҚТЖ-дан келген мамандар бақылап отырды. Бәрі ойдағыдай жүргізілді, арасында пікірталастар да болды. Сабақты жүргізу екі күнге жоспарланған болатын. Еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздік ережелері сөз болды. Күзетілмейтін жолдардан қалай өту керек, күшейтілген режимде жұмыс жасау тәсілдері үйретілді. Сонымен қатар, сабақ барысында жаңадан келген инструкциялармен таныстырдық. Астанадан арнайы келген мамандармен бірлесе жұмыс жасау арқылы үлкен тәжірибе алдық, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ» Өндірістік қауіпсіздік және экология бөлімінің басшысы Еркін Мирманов. 

Техникалық оқыту дәрісінде көпшілікке ұнағаны, сабақ тақырыбы басқа емес, Ақтөбе станциясының жұмысшысы жіберген кемшіліктер мен қателіктерді талқылап-талдау, оны болдырмаудың жолдарын үйретуі болды. Кемшіліктің негізгі себеп-салдары егжей-тегжей түсіндірілді.

– Мұндай заманауи үлгідегі техникалық сабақ бөлімшеде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бізде бөлімшелер қозғалыс қызметі және жүк цехы болып бөлінеді. Бұрын бұл бөлімшелерге сабақтар бөлек-бөлек өткізілетін. Бұл жолы дәрістің ауқымы жоғары болды десек, қателеспейміз. «Link» видеобайланысы арқылы басқа станцияларда тікелей өтіп жатқан техникалық сабақтардың сапасымен танысуға мүмкіндік жоғары. Алдағы жоспарда учаскелік станцияларда осы технологиямен техникалық кабинеттерді толығымен жабдықтап, техникалық сабақтарға тікелей эфир жүйесінде қатысу қолға алынбақ, – деп пікір білдірді Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесінің техникалық бөлім басшысы Жасұлан Рсқалиев.

Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе

Суретті түсірген автор