Кәсіби теміржолшыларды шыңдау ордасы

Жұртшылық аузында «Теміржол колледжі» атанып кеткен Семей электротехникалық колледжі техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа белестерді бағындыруда. Білім беру ордасының жетістіктері әсіресе теміржол қызметі саласында айқын байқалады.  

Бұл жайында жуырда Семей ЖТ бөлімшесіне келіп, құрылымдық мекемелер қызметімен жете танысқан ұлттық компанияның бас инженері Батыр Котырев та баса атап өтті. Батыр Қуанышұлы аймаққа жасаған сапары барысында теміржолшылар даярлайтын аталмыш оқу орнына арнайы келіп, қызметімен жан-жақты танысқан болатын. Білім ордасы басшылығының айтары да, көрсетері де көп екен. Бірінші кезекте, теміржолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету түрлері бойынша тепловоз машинисінің көмекшісі, станция кезекшісі, теміржол көлігінде тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты басқару саласының техник-ұйымдастырушысы, теміржолдың электротехникалық жүйелерін электрмен жабдықтау, пайдалану және техникалық қызмет көрсету маманы сынды бірқатар кәсіби қызметкерлерді даярлайтындықтарын баса атап өтті. Сондай-ақ, осы жолда қолданылатын заманауи технологиялар мен әдістемелік жұмыстар барысымен де таныстырды.  

Әсіресе, білім ошағының Семей ЖТ бөлімшесімен әріптестік және әлеуметтік серіктестік байланыс жоғары. Атап айтсақ, өндірісте бинарлы сабақтар өткізу, кәсіби шеберлік байқауларына теміржолшы-инженерлердің қатысуы, іс-тәжірибеден өткізу сынды шаралар жалғастық табуда. Сол тәрізді бөлімше бойынша ұйымдастырылатын түрлі жиындар, жастар форумы, тіпті халықаралық басқосулар деңгейіндегі түйіспелі кеңестер колледж қабырғасында өткізіледі.

Батыр Қуанышұлы колледждегі IT кабинет пен теміржолдың электромеханикалық жабдықтарын электрлендіру мамандарын даярлайтын кабинеттерде болып дәріс барысына қанығып, көріп шықты. Электрлендірілген схеманы қарап шығып, теміржол саласы байланысшыларын даярлаудағы соны жетістіктермен танысқан Бас инженер колледждің білім берудегі жетістіктерін жоғары бағалады.

Тағы бір айта кетер жайт, аталмыш білім ордасы қысқа мерзімдік арнайы курстар өткізеді екен. Газбен дәнекерлеу, электрмен дәнекерлеу, бақылау, өлшеу аспаптары мен автоматика слесары тәрізді мамандықтарға арнайы сертификат береді. Осы жайтқа қызығушылық танытқан Батыр Қуанышұлы 12 сағаттық қысқа курстан өтуге өзі де бел байлап, арнайы киім киіп, дәнекерлеу аспабымен жұмыстарын жасап, арнайы инструктаждан өтті. Аттестациялық тапсырмаларды толық орындап шығып, сертификат алды. Осылайша, «мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген жақсы» деген қағиданы ұстанған компанияның бас инженері өндіріске қажетті мамандарды даярлау барысының қыр-сырына толық қанықты. Дәнекерлеуші мамандығына бүгінде қоғамның барлық қызметтік саласында да сұраныс аса жоғары екенін айтып өткен ол, жігітке жеті өнер де аз демекші, дәнекерлеуші сертификатының кез келген адамға артықтық етпейтініне сенімді екенін жеткізді.

Теміржолшылардың орта буын мамандарын даярлайтын оқу ордасы жайлы бөлімше басшысы да оң пікірін білдірді.

– Бүгінгі таңда біздің бөлімшеміз бойынша қызметкерлердің шамамен 30 пайызы осы колледждің түлектері саналады екен. Олардың араларында біліктіліктерін шыңдап, білімдерін жоғарылатып, қызметтік тұрғыдан өсіп, бүгінгі таңда Семей теміржолының жетістіктеріне өз үлесін қосып жүрген мамандар көптеп саналады. Сәйкесінше, колледжбен екіжақты қарым-қатынасымыз нығайып келеді, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкрекбаев.

Колледж түлектеріне сұраныс жоғары, жүз пайыз жұмыспен қамтылады екен. Басты жұмыс беруші, әрине, Семей ЖТ бөлімшесі. Сондықтан болар, желі бойындағы шағын станциялар мен жолайрықтарында негізінен осы колледж түлектері еңбек етуде.

Техникалық-кәсіптік білім беруде отандық теміржол саласы үшін кәсіби мамандар даярлаушы оқу орны студенттерінің қатарында теміржолшылардың балалары көп екен және ол заңдылық болса керек.

  Қуаныш Қожаев, Семей