Теміржолшыларға алғыс айтты


Ақтөбеде теміржол қызметінің әр саласында еңбек етіп жүрген жүзден аса жас маман сәбилер үйіне баруды әдетке айналдырған. Дәстүрлі шараны биыл да қолға алған теміржолшылар «Үміт» сәбилер үйіне барды.

Бөбектер үйінде 5 жасқа дейінгі 50-ден аса бүлдіршін тәрбиеленеді екен. Нәрестелердің дені – тастанды балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар.   
– Бұл – жастардың өз идеясы. Алдымен тобымызда сәбилер үйіне бару туралы ұсыныс тастадық. Әріптестерім тарапынан бірден қолдау тапты. Бізге балалар үйіне барған ұнайды. Ол жерде қорғансыз балаларды көргенде еріксіз көзіне жас алатындар бар. Қаладағы сәбилер үйіне тұрақты барып тұрамыз. Әрқайсымыз шамамыз келгенінше қаржы жинап, балаларға тәттілер мен жемістер апардық. Мұндай шаралардан қалыс қалған емеспін. Біз де қоғамның мүшесіміз. Ал айналамызда болып жатқан жайлардан теріс айнала алмаймыз, – дейді теміржолшы жастар комитетінің төрағасы Руслан Жұмағалиев.   
 Теміржолшы жастар қорғансыз сәбилерге ұнтақ сүт пен жемістер апарған. Олардың көңіліне алғыс білдірген орталы бас дәрігерінің теміржолшы жастарға ықыласы ерекше.
– Темір жол бөлімінің жастар комитетінен мамандар бізге тұрақты келіп тұрады. Олар сәбилерге қайырымдылық шараларын өткізді. Бұл олардың бізге алғаш рет келуі емес. Тұрақты көмек көрсетіп, қол ұшын беріп жүр. Осындай жастар көпшілікке үлгі болатыны сөзсіз. Қазір «Үміт» сәбилер үйінде 50-ден аса бөбек тәрбиеленіп жатыр. Бүлдіршіндерге мемлекет тарапынан толық жағдай жасалған. Облыс бойынша «Бақытты бала» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Әр мекеме атсалысты десем, артық емес. Қайырымдылық шаралары көп болды. Біздің қазақ азаматтарының жомарттығын көрдік. Көмектескісі келетін адамдар көп. Алайда біз туралы білмейтіндер де бар екен, – дейді «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері Қадірбек Иманбаев.