Ғасырдан да ұзақ жасаған

Қазақстан темір жолындағы тарихы шежіреге толы филиалдардың бірі – «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ – Ақтөбе бөлімшесі Жем локомотив пайдалану депосы.

 
     Қазақстан темір жолындағы тарихы шежіреге толы филиалдардың бірі  – «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ – Ақтөбе бөлімшесі Жем локомотив пайдалану депосы.    

Бір ғасырдан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан  кәсіпорынның даңқты тарихы бар.  
Мысалы, көзкөргендердің айтуынша, Мәскеуден келген алғашқы тепловоздар осы өңірден өткен деседі. Машинист көмекшісі ретінде жұмысқа алынған алғашқы әйел адам да Жем депосынан шыққан екен.
        Жем пайдалану локомотив депосы ХХ ғасырдың бас кезінде салынған екен. Тарихи депо Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Ембі қаласында орналасқан. Қазақ даласына келген алғашқы темір жол қатынасы осы өңірден жүрді. Ғасырдан аса тарихы бар депоға 18 жылдан бері басшылық етіп келе жатқан Дәулетқали Сәлімұлы мекеменің өткені мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігі туралы кеңінен баяндап берді.
– 113 жылдық тарихы бар депода бүгінде 600-ден аса маман жұмыс істейді. қызметкерлерінің 485-і локомотив бригадаларының машинистері мен оның көмекшілерінен тұрады. Соның ішінде 70-тен аса әйел еңбек етеді. Шалқар станциясындағы локомотив шаруашылығы да біздің депо арқылы басқарылады, – деп әңгімесін бастаған Жем локомотив пайдалану депосының басшысы Дәулетқали Жалмұхамбетов бір жыл ішінде жасаған жұмыстарға да тоқталып кетті.
        Жыл басынан бері бүгінге дейін ешқандай төтенше жағдайлар, заң бұзушылық оқиғалары тіркелмеген. 9 ай ішінде мекеме арқылы жалпы салмағы 11846,997 мың тонна болатын жүк тасымалы жүргізілген. Тежегішті электронды түрде басқару жүйесінде кеткен кемшіліктерді де үнемі бақылауда ұстап отыр.
– «Машинистің ескертпелер кітабы» локомотив бригадалары жұмысының айнасы деуге болады. Яғни, пойыз басқарып келе жатқан машинист басқа қызметтердің қателіктерін, жолда белгілердің жоқтығын, қараусыз малды тіркеуге алып, депо кезекшісі болса жан-жаққа хабарлап отырады. Кейін нұсқаулық негізінде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бізде өткен 9 айда осындай 53 ескертпе тіркеліпті. Былтыр мұндай ескертпелердің саны 129 болған. Биылғы жылдың тоғыз айында 304  тепловоз  жоспардан тыс жөндеу жұмысына алынған, – дейді депо директоры  Дәулетқали Жалмұхамбетов.
        Мекемеде машинистерге техникалық сабақтар жоспарлы түрде өткізіледі. Депо корпустарының құрылуы үдемелі түрде жүргізіліп отырады. Сонымен қатар кеткен кемшіліктер немесе жұмысты жақсартуға арналған шаралар ұйымдастырылады. Тағы бір айта кетерлігі, депо – шағын қаладағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған бірден бір мекеме. Ондағы жұмысшылардың дені – Ембі қаласының тұрғындары.
– Қаладағы ең үлкен мекеме болғандықтан барлық қоғамдық жұмысқа қатысамыз. Кез келген шарадан айналып өткен емеспіз. Әкімшіліктің ұсынысын үнемі қолдап отырмыз. Мүгедек адам бағып отырған отбасыларға көмек беруді, мектеп жанындағы интернат балаларын киіндіруді өз міндетімізге алдық. Ұжымның ауызбіршілігі жоғары. Ұсыныс тасталса, бірден қолдау табады, – дейді басшы.

Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе