Көлік қызметінен кіріс өскен


Үстіміздегі жылдың үш тоқсанында Қазақстан бойынша көлік қызметінен түскен табыс 17 пайызға өскені белгілі болып отыр.
Жылдың басынан бергі тоғыз айда көлік қызметінен түскен табыс  2 076435,6 млн теңгені құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Көліктің барлық түрімен тасымалданған жүк көлемінің өсімі 6 пайыз шамасын құраса, жүк айналымы 8,9 пайызға артып, 438129,7 млн тонна километрді құраған. Есепті мерзім ішінде тасымалданған жолаушылар санының да былтырғыға қарағанда 2 пайызға артып отырғаны байқалады. Бұл өз кезегінде жолаушылар айналымының 4,2 пайызға өсуіне әкелген. Статистикалық деректер, әсіресе, елеулі өсімнің темір жол көлігі арқылы жүк тасымалында бар екенін айқындап отыр. Былтыр бұл көлік түрімен 275,4 млн тонна жүк тасымалданса, биыл бұл көрсеткіш 7,1% артық орындалып отыр. Жүк айналымының өсуі 10 пайыздан асып жығылғанын хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігі.  
«ҚТЖ»ҰК» АҚ-нан алынған дерек бойынша, Қазақстан арқылы өткен транзитті контейнерлік тасымалдардың жалпы көлемі 356,8 мың ЖФЭ-ні немесе өсімнің өткен жылдың тоғыз айына қарағанда 46%-ті құрап отырғанын көрсетеді. ҚХР-ЕО-ҚХР бағыты бойынша аталған көрсеткіш 203 мың ЖФЭ-ні құрап, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда контейнерлік тасымалдың 69%-ке өскені белгілі болып отыр. Ал автомобиль көлігімен тасымалданған жүк көлеміне келсек, биылғы жылдың басынан бергі тоғыз айда 2437,6 млн тонна жүк тасымалданып, былтырғыға қарағанда өсім 4,6% құраған.


Нұрбек БЕКЕН