Бір аптада... үш ақау тапты

Қырқыншы станцияда аға вагон қараушы бір айда үш ақау тауып, айды аспанға шығарды

 
    Өткен сандарымыздың бірінде Астана іргесіндегі Қырқыншы станциясында бір айда екі ақау тапқан вагоншы туралы жазған болсақ, бұл жолы сол станциядан аға вагон қараушы бір айда үш ақау тауып, айды аспанға шығарды. Осылай, қазанның небәрі бір аптасында қырағылық үш еселенді...
    Алтыншы разрядты аға вагон қараушы Дәурен Ибраевтың осыдан 9 жыл бұрын еңбек жолын осы станцияда слесарь болып бастаған екен, бір жылдан соң вагон қараушы болып ауысады. Жұмысына адал, кәсібіне мығым теміржолшы вагон қараушы болып туылғандай, жыл сайын вагондардан бір емес, бірнеше ақау тауып, талай рет Алғыс хат алып, Құрмет грамотасымен марапатталып,  «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісінің де иегері болған.  
Міне, бұл жолы қырағылығымен бүкіл вагоншылар қауымына танылып үлгерген жігіт бір айдың ішінде үш ақаулы вагонды тапты және оның үшеуі де – бүйір рамасының ақауы. Дәуренге Қырқыншы станциясында жауапкершілігі жоғары   жүктерді түсіріп-тиеу бойынша вагондарды тексеру-қарау міндеті жүктелген. Сондықтан өзге транзиттік вагондарға басқа вагоншылар жауапты болса, Дәурен бастаған ауысым вагоншылары тұйықтағы осындай жүгі түсіріліп, тиелетін пойыздардың құрамына қызмет көрсетеді. Күніне сондай вагондардың орташа есеппен алпысын қарап шығатын ол қазан айында үш рет күрделі ақауды тауып, болуы мүмкін апаттардың алдын алды.
– Бірінші ақау қазан айының 25-інде күндізгі ауысымда таңертең станцияға сағат 8.40-та келіп тоқтаған №3105 транзиттік пойызының платформа тиелген вагонының бүйір рамасынан табылды. Раманың екі жерінде ұзындығы 30 мм, тереңдігі 10 мм және ұзындығы 30 мм, тереңдігі 15 мм сызаттар анықталды. Аталған вагон 1987 жылы «Днепровагонмаш» кәсіпорнында жасалған, 2016 жылы деполық жөндеуден өткізілген. Вагон пойыз құрамынан ағытылып, арнайы паркке жөнелтілді, – деді аға вагон қараушы.
   Ал екінші ақауды ол 27 қазанда күндіз станцияға келген №3001 транзиттік жүк пойызынан анықтады. «Уралвагонзавод» кәсіпорны жасап шығарған вагонның бүйір рамасына ішкі жағынан тереңдігі 8 мм, тереңдігі 60 мм сызат түскен  екен. Павлодар станциясында құрастырылған пойыздан ақаулы вагон ағытылып алынды.
Үшінші ақауды Дәурен 29 қазанда таңғы сағат 2-ден бес минут кеткенде станцияға келген №3602 жүк пойызынан анықтады. Эстония елінің темір жолы меншігіндегі вагонның бүйір рамасында ішкі жағынан ұзындығы 100 мм, тереңдігі 11 мм сызат бар екені белгілі болды. Раманың жиынтығы анықтама бойынша сәйкес келмейді, анықтамада басқаша, іс жүзінде зауыты басқаша көрсетілген.   
Қыранкөз атанған Дәурен Балтабайұлы теміржолшы отбасынан шыққан. Әкесі біршама жыл жол шаруашылығында жұмыс істепті. Өзі жер құрылысы бойынша жоғары білімді маман болса да, қызметін вагон шаруашылығынан   бастап, бүгінде бұл саланы бес саусақтай меңгерген мынау деген теміржолшы атанды. Қарамағындағы 10-11 вагоншымен бірге әр ауысымда күндіз демей, түн демей вагондар қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп жүрген Дәурендей жігіттердің арқасында теміржолда ырғақты жұмыс жалғасуда: жол тақтайдай тегіс, пойыздар тоқтаусыз жүріп жатыр...
 Теміржол қауіпсіздігін сақтауға қосқан ерекше үлесі үшін басшылық Дәурен Ибраевты сыйақыға ұсыныпты.  


Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген автор