Еңбек қорғау мен қауіпсіздік – егіз ұйым

Атырау локомотив пайдалану депосында еңбек қорғау жақсы жолға қойылған.

Депоның еңбек қорғау және қауіпсіздік инженері Әйгерім Схахованың айтуынша, еңбек қорғау мен қауіпсіздік – егіз ұғым.
Депо бойынша биылғы жылға еңбек қорғау саласына бөлінген 22985,57 мың теңгенің 9 айда 20187,83 теңгесі игерілген. Оның ішінде жұмысшылардың денсаулығын сауықтыруға 10108,098 мың теңге, оқытуға 33,24 мың, біліктілігін көтеруге 438,79 теңге бөлінген. Жұмысшылардың санитарлық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да жеткілікті көңіл бөлініп отыр: кір жуғыш машина, қысқа толқынды пеш, сплит-система, тоңазытқыш, т.б. бірқатар тұрмыстық заттар алынған. Бүгінгі күнде сабын, кір жуғыш ұнтақ, қолғап, құлақшын, аяқ киімдермен жұмысшылар жүз пайыз қамтылып отыр.
2018 жылы еңбек қорғау және қауіпсіздік бойынша 19 маман, электр қауіпсіздігі жөнінен 2 адам, өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша 1 адам біліктілігін көтерген. Машинистер мен олардың көмекшілері жыл сайын білімін жетілдіру мақсатында Ақтөбе қаласындағы оқу орталығына жіберіліп отырады. Биыл 4 машинист өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша 10 сағаттық оқудан өткен. Локомотив бригадалары арасында техникалық сабақ тұрақты өткізіліп тұрса, пайдалану цехы, депо кезекшісі, таспа тексеру инженері, локомотив қабылдаушылар мен сапа инженерлерінің білігі ұдайы назарда. Рейс алды, ауысым алды медициналық байқаудан өтіп, жұмысшылар арнаулы киіммен 100 пайыз қамтылса, жұмысшы-қызметкерлерге электр қауіпсіздігі жөнінде аттестация өткізіліп, локомотив және цехтар медициналық құрал-жабдықтармен жеткілікті мөлшерде жабдықталған.
Қазақстан темір жолында локомотив шаруашылығына қатысты болып жатқан әрбір жазатайым оқиғалар жоспарлау мәжілістерінде үнемі және уақтылы талқыланып, депоның барлық қызметкерлерімен жоспардан тыс нұсқаулықтар өткізіледі. Басшылар мен машинист нұсқаушылар еңбек қорғау жұмысына қатысу нормативтерін орындау мақсатында бекітілген кестеге сай Атырау-Ганюшкино-Ақсарай, Атырау-Мақат-Құлсары учаскелеріне апта сайын шығып, локомотивтердегі еңбек қауіпсіздігі жағдайын, локомотив бригадаларының еңбекке қабілеттілігін тексеріп отырады. 9 айда 23 жоспардан тыс нұсқаулық өткен. Депода жұмысшы-қызметкерлердің күнделікті жұмыстағы тыныс-тіршілігінен бөлек әлеуметтік жағдайларына да кәсіподақ ұйымы тарапынан зер салынуда: демалыс орындарына жолдама беріледі, балалар жазғы лагерьге барады,  сауықтыру шаралары да үнемі назарда. Ең бастысы, көп жылғы еңбектің, маңдай тердің өтеуін сезінгендей зейнеткерлікке шыққан байырғы қызметкерлерге қамқорлық әсте үзілген емес.

Қосұйым Мұқашев, Атырау
Суретті түсірген автор