Қырық мың маман дайындаған

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі 85 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мыңнан аса теміржолшы маманды әзірлеген білім ордасын құттықтау салтанатына  Білім және ғылым министрлігінен арнайы келген қонақтармен қатар Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.
Ғасырға жуық тарихы бар колледж 1932 жылы «Ақтөбе темір жол текникумы» болып ашылған екен. 1936 жылы алғашқы түлектерін ұшырған. Орыс және қазақ тілдерінде білім алған 40-қа жуық маман сол кездегі темір жол саласындағы кадр тапшылығын жойған. Бүгінгі күні колледже 15 мамандық бойынша 3000-ға жуық жас маман білім алып жатыр.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі жас теміржолшыларды құттықтап, алдағы уақытта да үлкен сенім артатынын жеткізді.
– Әрбір мемлекеттің дамуы мен болашағы бірден бір оның білікті, жаңашыл мамандары мен жастарына байланысты. 85 жыл аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында 40 мыңнан аса маман даярланған екен. Қоғамымызда Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің атқарып жатқан еңбегі орасан. Білім ордасының түлектері бүгінгі таңда Қазақстан теміржолын түлетіп жатыр.   Оның барлығы – осындағы ұстаздардың еңбегі. Колледж – еліміздегі абыройлы білім ошақтарының бірі. Келешекте де тек біздің Батыс өңірінің ғана емес, еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болыңыздар, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев білім ордасына миллион теңгенің сертификатын табыстап, колледждің бірнеше қызметкерін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ шара барысында оқу орнының басшылығына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаты табысталды.
Колледждің 85 жылдық мерейтойына арналған шара «Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі жаңашылдық, даму келешегі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциямен ұласты.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе