Сингапур конгресіне қатысты

Қазақстан теміржолының кәсіподақшылары Сингапурде өткен Көлік саласы қызметкерлерінің 44-халықаралық федерациясы конгресіне қатысты

 
        122 жылдық тарихы бар аталған ХКФ конгресі биыл бірінші рет Оңтүстік-Шығыс Азияда ұйымдастырылды. Оған әлемнің 140 елінен 19 миллионнан астам мүшесі бар 600-ден астам көлік саласының кәсіподақ ұйымдары қатысты. Бұл жолғы жиынға 2300-ден астам кәсіподақ өкілі қатысқан. Осы федерацияның үш жылдан бергі мүшесі болып табылатын Қазақстан теміржолының «Қазпрофтранс» ҚБ атынан 7 адам, оның үшеуі делегат, қалғандары консультант ретінде барған. Делегация аталған қоғамдық бірлестік төрағасы Оразғали Ахметбаев бастаған теміржолдың аймақтық филиалдарының кәсіподақ комитеттерінің басшылары мен мамандарынан құралды.
– Тарихы тереңде жатқан аталған конгрестің мақсаты – көлік саласының қызметкерлеріне ұжымдық пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік беріп, көлік саласының алдағы 5 жылға арналған күн тәртібін анықтау. Халықаралық шара барысында цифрландыру ғаламдық көлікті қалай өзгертетіні туралы мәселелер талқыланып, кәсіподақтардың стратегиялық саясаты жасалды, – дейді О. Ахметбаев. 
Төраға сонымен қатар ХКФ бас хатшысы Стивен Коттонның: «Бұл конгресс мәні – көлік саласы қызметкерлерінің ықпалын инновациялық кампаниялар арқылы өз қатарында саны артып келе жатқан мүшелері арасында нығайтуы және саясатына ықпалын күшейтуін білдіреді. Біз күш біріктіре отырып, болашақта еңбек саласы барлық көлік саласының жұмысшыларына жақсы мүмкіндіктермен қамтамасыз етуіне қол жеткізе аламыз» деген сөзін жеткізді. Өзге де шетелдік қатысушылар конгрестің көлік саласын дамытудағы маңызына тоқтала келе, бұл жолғы жиынның Сингапурде өтуі де тегіннен тегін емес екенін айтқан. Яғни, пікірталастардың негізгі тақырыбы көлік секторындағы болашақ еңбек салалары жөнінде болған.
Басқосудың күн тәртібінде барлық бағыттар бойынша 30 қарар қаралған. Соның ішінде қызу талқыға салынып қаралған ең басты дегендері – өндіріске ІТ технологияларды енгізумен байланысты қарар болған. Барлық жерде енгізіліп жатқан бұл технологияның көлік саласына ықпалы туралы сөз етілген. Әрине, ол жұмыс орындарын оңтайландыруға, яғни, жұмысшыларды қысқартуға әкеледі, сондай жағдайда кәсіподақ ұйымдары қалай әрекет етуі керек.  Еңбек қатынасын осыған қарай қалай бейімдеп, неге басты назар аудару керектігі, оларға басқа қандай жұмыстар ұсынып, жалпы мәселені қалай шешуге болатындығы талқыланған. Жиында сонымен бірге еңбек қорғау, еңбек жағдайы мәселелері де қозғалған. Бұған қоса кәсіподақ ұйымдары мен комитеттері арасындағы өзара іс-қимыл, ынтымақтастық жайы да сөз болған. Теміржол секциясы аясында бірқатар келіссөздер жүргізілген. Конгресте ТМД аумағы елдері мен басқа да елдер бірігіп, U for U жобасы бойынша бірлесе жұмыс істеу үшін келіссөзге қол қойған. Соның аясында құжатқа қол қойған елдер өзара тәжірибе алмасуға арналған, қаржылық мәселелер бойынша да тізе біріктіре жұмыстар жүргізбек.
– Осы келіссөз бойынша, үш ел ұйымдастыру жұмыстары үшін таңдалды, олар – Қазақстан, Қырғызстан, Украина. Осы елдердің кәсіподақшылары алдағы екі жыл бойына Финляндия, Норвегия, Швеция кәсіподақшыларымен бірге жұмыс жүргізіп, түрлі шаралар ұйымдастыратын боламыз. Желтоқсан айында алдын ала ақылдасу кездесуіміз өтеді, сонда бәрін нақтылап, жоспар құрамыз, келесі жылға бағдарлама жасаймыз. 
Конгреске жиналған кәсіподақшылар қоғам мен экономика арасындағы әріптестік қатынастарды нығайта отырып, бүгінде және болашақта лайықты, тұрақты жұмыс орындарын құра алатындықтарына сенім білдірді. 


Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген Ұлан ОРАЗ