Еңбек  ер атандырады

АСТАНА Көлік қызметкерлері күніне орай «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясы бойынша 563 қызметкер түрлі марапаттарға ие болды.   Дирекция басшысы Төлеубай Кенжебеков әріптестерін төл мерекемен құттықтап,  еселі еңбегімен ерекшеленген теміржолшыларға түрлі марапаттар табыс етті.   Кадр және әлеуметтік жұмыстар департаментінің 1 деңгейлі бас менеджері Алма Сәулебаеваның айтуынша, биыл Магистральдық желі дирекциясына қарасты  филиалдардың 18 еңбеккері «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталса, 16 адам ҚР ИДМ-нің Құрмет грамотасына, тағы осыншама адам министрліктің Алғыс хатына ие болған. Ал 69 еңбеккер «Адал еңбегі үшін» төсбелігісінің иегері атанып, 28 жұмыскерге «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының атаулы сағаттары табысталған. Сонымен қатар Компания басшысының Құрмет грамотасымен 136 адам, ал тағы 136 адам Алғыс хатымен марапатталса, 68 жұмыскер «Үздік маман», 76 адам «Кәсібі бойынша үздік маман» атанған.           «Дирекция еңбеккерлері арасында наградаларды бөлу барысында келесі ара-қатынас сақталды. 17% немесе 96 квота әкімшілік-басқарушылық персонал, ал 83% немесе 467 квота өндірістік персоналға бөлінді. Наградаларға ұсынылған үміткерлер еңбек ұжымдарының жалпы жиналыстарында қарастырылып, хаттамамен бекітілді», – деп атап өтті Алма Тұрарқызы. Көлік қызметкерлері күні қарсаңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы «KTZ Express» АҚ басқарма төрағасы Диас Искаков ұжымын төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. - Біздің компанияның құрылғанына биыл бес жыл. Осы аз уақыт ішінде ол Қазақстан темір жолының дамуына және елімізде транзиттік тасымалдың өрістеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Әрине, «KTZ Express» АҚ-ның алға қарыштап дамуында осы жердегі әрбір маманның қосқан үлесі бар. Компания жетістігі – ұжым жетістігі, – деді баршаны кәсіби мерекемен құттықтаған Диас Искаков. Бұдан кейін Қоғам басшысы темір жол саласының дамуына сүбелі үлес қосып, адал еңбегімен танылған бірқатар қызметкерлерін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. Ал енді бір топ қызметкерге Қазақстанның көлік саласының дамуына үлкен үлес қосып, қызметтік міндеттерін абыройлы атқарып, тиімді еңбек еткендері үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағының, «KTZ Express» АҚ басқарма төрағасының марапаттары табыс етілді. «Нұрлы жол» темір жол вокзалында өткен салтанатта кешеннің бірнеше қызметкері жоғары кәсіби және үлгілі қызметтері үшін марапатқа ие болды.  – Вокзал кешенінің ашылуынан бері осында келіп-кетушілер мен жолаушылар саны 7 миллионнан асыпты. Осы халыққа қолайлы жағдай жасап, сервистік қызметті жақсарту мақсатында барлық мүмкіндікті жасаудамыз. Жаңа қызмет көрсету аумағы ашылды, заманауи ақпараттандыру құралдары орнатылды, отырғызатын орындар көбейтілді, жолаушылар демалатын орындар мен балаларға арналған алаңдар ашылды. Алда да бірқатар сервисті жоспарлап отырмыз ,– деді «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешенінің директоры Дінмұхамед Құсайынов салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.   Вокзал кешенінің ұжымын сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ  вокзал шаруашылығы жөніндегі атқарушы директор Жұбан Корпебаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Кадрлық және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменттің бірінші деңгейлі бас менеджері Алма Саулебаева, «Астана – Нұрлы жол» станциясының бастығы Самат Курбанов және теміржолшылар – жолаушыларға сан-салалы кәсіби қызмет көрсететін тату-тәтті отбасы деп баға берген вокзал шаруашылығының ардагерлері құттықтады. Қазақстан теміржолының дамуына қосқан үлесі мен кәсібилігі үшін марапатталған вокзал кешенінің қызметкерлері қатарында: «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен анықтама қызметінің кезекшісі Көпей Қожақова, «Үздік маман» атағымен вокзал кешенінің кезекшісі Азат Адамов, «Кәсібі бойынша үздік» атағымен вокзал кешені директорының көмекшісі Үсен Маменов және кешеннің аға кезекшісі Гүлмира Қалмағамбетова марапатталды. Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының атынан вокзал кешенінің кезекшілеріне, дикторларға, анықтама қызметінің қызметкерлеріне, кешеннің техникалық, қаржы және заң бөлімдерінің мамандарына Алғыс хат пен мақтау қағаздары табыс етілді. Мерекелік шараның соңы тақырыптық интеллектуалдық сайыс пен  музыкалық құттықтауларға және шоу-бағдарламаға ұласты. АТЫРАУ Ел экономикасында елеулі орын алатын теміржол саласы үшін көлік қызметкерлері күні – төл мереке.  Осы шараға орай өткен салтанатты шарада   Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Ихлас Абаев әріптестерін мерекемен құттықтады. «Қазақ елінің теміржол саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экономика мен өнеркәсіп өндірістерінің жаңаруына, Елбасы қойған міндеттердің жүзеге асуына зор үлес қосып келеді. Бұл – кәсіпорындардың тынбай жұмыс жасауын, өңір тұрғындарының тіршілігін, ел азаматтарының іскерлік пен мәдени байланыстарын қамтамасыз ете отырып, ел экономикасын дамытып келе жатқан бірден-бір сала. Біздің биылғы жеткен жетістіктеріміз, тасымал барысы – осының жарқын айғағы», – деді бөлімше басшысы өз сөзінде. Айталық, ағымдағы жылдың 2-ші тоқсанында пайдаланым жүк айналымы 2372 млн ткм неттоны құрып, 102,4 пайызға, жүк вагонының өнімділігі 9781 ткм неттоны құрып, 130,2 пайыз, локомотивтің өнімділігі 2097 ткм брутто болып 105,6 пайызды, пойыздардың учаскелік техникалық жылдамдығы 50,69 км/сағ құрап, 101,2 пайызды көрсеткен. Мереке марапатсыз өткен бе?! Атырау белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Қабидолла Айтимов «Құрметті теміржолшы» атанса,  Құлсары жол дистанциясының жол шебері А Эминов пен бөлімшенің тасмымалды ұйымдастыру бөлімінің жетекші инженері Г.Жұбаниязова, тағы да басқа мамандар «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Үздік маман», Алғыс хаттармен, бірқатары ақшалай сыйлықпен марапатталып, Құрмет тақтасына іліну мәртебесін иеленді. ҚЫЗЫЛОРДА Теміржолшылардың кәсіби мерекесін қызылордалықтар кең көлемде атап өтті. Еліміздің әнұранын асқақтатып мерекелік көңіл-күймен басталған жиында Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Аманкелді Арысбаев сөз алып, теміржолшыларды төл мерекемен құттықтады. Аймақ теміржолының басшысы қазаіргі таңда  салада жүзеге асып жатқан бастамалар мен батыл жобалар жайлы айтып өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерді асыра орындаған сыр елі теміржолшылары 1-орыннан көрінсе, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша да алғашқы үштіктің қатарында екен.   – Бүгінде экономиканың күретамырына айналған теміржолдың ел дамуында алар орны ерекше. Біздер мен сіздер осы бағытта қажырлы жұмыс жасап жатырмыз.  Өз тағдырын теміржолмен байланыстырып, теміржол көлігіне өмірін сеніп тапсырған миллиондаған халық пен тонналаған жүк тасымалының ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп жүрген теміржолшылар еңбегі қашан да адал.   Теміржолшылардың әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында Ұлттық компания тарапынан кешенді шаралар жоспарланып, іске асырылып жатқаны да шындық, – деген бөлімше басшысы биыл теміржолшылардың айлық жалақысы 15 пайызға көтерілгені де  Ұлттық компания тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың бір көрінісі деп бағалады.  Кезек сала озаттарын мерекелік марапаттау шарасына ұласты. Биылғы мерекеде аймақ бойынша Көлік министрлігінің, Ұлттық компания президентінің, облыстық әкімдік пен бөлімше басшылығының арнайы марапатымен 63 теміржолшының еңбегі аталып өткені аймақ теміржолшыларының екпінді еңбегін айғақтайды. Екі теміржолшы саланың  ең мәртебелі марапаты – «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін алса,  2 теміржолшы «Адал еңбегі үшін», 7 адам «Қозғалыс қауіпсіздігі» белгісімен,  8 адам «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен марапатталып, 5 теміржолшы «Үдік маман» атанды. Тағы 4 адам ҚТЖ президентінің атаулы сағатын иемденді.  АҚТӨБЕ Биыл кәсіби мерекеге орай Ақтөбе станциясының маневр диспетчері Бекболат Бермағамбетов, Шалқар жол дистанциясының басшысы Амандық Қаракүшіков, "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Батыс" аймақтық филиалының Атырау телімі жолаушылар пойызының бастығы Ілияс Өтегеновт "Құрметті теміржолшы" белгілерімен марапатталды. Салтанатты жиында сөз алған Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі басшысы Бөріхан Беркімбаев санаулы күн бұрын ұлттық компания президенті алдында жартыжылдық есеп беріп қайтқанын, басшылық тарапынан Ақтөбе өңірі теміржолшыларының жұмысына оң баға берілгенін қуанышпен жеткізді және бұл барша теміржолшылардың ортақ жеңісі екенін хабарлады.   "Ақтөбе бөлімшесінде жүк айналымы 111 пайызды құрады, алдыңғы жылдың алты айымен салыстырғанда 118 пайызға орындалып отыр. Жүк тиеу көрсеткіші 107 пайыз, өткен жылдың осы уақыт аралығымен салыстырсақ, 111 пайызды көрсетіп отыр. Таза табысымыз – 19,820 млрд теңге. Мұның барлығы – қарапайым теміржолшылардың еңбегінің нәтижесі. Күн демей, түн демей, аптап ыстық пен қақаған суықта еңбек етіп келесіздер. Өз атымнан, әріптестерімнің атынан сіздерге үлкен алғысымды білдіремін", – деді өңірдің бас теміржолшысы. Мерекелік кеш шырайын теміржолшылардан құралған өнерпаздар концерті кіргізді. ШЫМКЕНТ Шымкентте өткен оңтүстік теміржолшыларының мерекелік жиынына   Түркістан, Арыс, Түлкібас, Сарыағаш, т.б. станциялардан 350-ден астам сала қызметкерлері арнайы шақырылды.   Жиында Шымкент жол бөлімінің директоры Ермекбай Ерманов пен магистральдық ішкі желі бөлімінің директоры Марат Оңалов көпшілікті төл мерекемен құттықтап, еңбекте табыс, отбасыларына амандық тіледі. Салтанатты кеште ұзақ жылғы еңбегі мен теміржол саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін екі адам  «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан басқа ұзын-саны 128 сала қызметкері төсбелгілермен, алғыс хат пен Құрмет грамотасымен марапатталып, еңбегі жанды. Бұдан бөлек, шараға келген теміржол саласының 30 ардагеріне арнайы құрмет көрсетілді. Ақсақалдар өздерінің ізін жалғастырып келе жатқан әріптестерін құттықтап, еңбектеріне сәттілік тіледі. Кеш теміржолшылар күніне арналған арнайы концертке ұласып, кең жайылған дастархан мәзірімен жалғасын тапты.  ЖАМБЫЛ Теміржолшылардың мерекелік жиыны ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың алты айдың көрсеткіші бойынша есепті баяндамасымен басталды. Жетістікпен қатар кемшілік те айтылды. Алдағы уақытта оны қайталамау сөз болды. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы назардан тыс қалмады. Теміржолшылар табысын еселей түсуі үшін өндіріске қосылған жаңа технологиялар тілге тиек етілді.  Бұдан кейін болат жол қызметкерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтап, ел экономикасының көшін алға сүйреп отырған сала қызметкерлерінің еңбегіне толағай табыс тілеп, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің арнайы бөлімінің жетекші инженері Рахат Тастанбекова мен осы бөлімшенің экология және еңбекті қорғау секторының бастығы Баян Қонқабаеваны Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар теміржолшыларды құттықтай келгендер қатарында  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен «Қазфосфат» ЖШС және теміржол арқылы өнімдерін тасымалдайтын бірқатар жергілікті компания өкілдері болды. Олар теміржолшыларға арнайы мұздатқыш сыйға тартты. Бөлімше директоры бұл сыйлыққа жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыра білген бөлім лайық деп тапты.  Салтанатты шарада ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» медалімен марапатталды. Ал Аса станциясының жүк және багаж қабылдап-тапсырушы Күлшат Досалиева мен Сарышаған электрмен жабдықтау дистанциясының электрмен жабдықтау учаскесінің бастығы Аманбек Ахметбеков «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болды. Жартылай әскериленген салада қозғалыс қауіпсіздігі жауапкершілігі қашанда жоғары. Қозғалыс қауіпсіздігін еңсеруде ерекше қырағылық, батылдық пен қаһармандық танытқан бірқатар теміржолшы «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік маман» төсбелгілерін кеуделеріне қадады. Енді бірқатар қызметкерлер ҚР Инвестициялар және даму министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен, «Самұрық Қазына» АҚ президентінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының атаулы сағатымен марапатталды. СЕМЕЙ Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне семейлік теміржолшылар мен ардагерлер, жүк тасымалы бойынша клиент-әріптестер көп жиналып,  алдымен көпшілік назарына «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның соңғы алты айдағы жетістіктерін паш ететін танымдық деректі фильм ұсынылды. Теміржолшыларды қала әкімі Ермак Сәлімов құттықтап, күллі шығыс өңірі үшін теміржол саласының алып отырған маңыздылығына ерекше тоқталды.   Ал, осыдан соң әріптестері алдында ізгі лебіз білдірген Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев соңғы алты айдың көрсеткіші бойынша орын алған соны жетістіктерге тоқталды. Бөлімше басшысы атап өткендей, жүк тиеу көрсеткіші 123 пайызға орындалған. Ал, көмір тасымалы өткен жылдағыдан 590 мың тоннаға ұлғайтылған. Яғни, алты ай ішіндегі жоспар 100 пайызға орындалды. – Бөлімше бойынша жартыжылдық ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Әлі де мақсатты жұмыстар жетерлік. Мәселен, жыл соңына дейін жүк тасымалын 10 млн тоннадан арттыру көзделіп отыр. Алғашқы жартыжылдықта тұрақты түрде аттандырылған 90 мың тонна болатын ауырсалмақты пойыздардың үлесі басым. Мұның барлығы  – біздің ортақ жетістігіміз, – деді барша әріптестеріне алғыс айтқан бөлімше басшысы.   Кезек салтанатты марапаттау рәсіміне тиді. Еркін Тойкенов, Жасболат Хасенов, Ербол Хамзабаев сынды теміржолшыларға облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттары табыс етілді. Ал «Еңбек ардагері» төсбелгісін Елімбек Шалов иеленді. Салалық марапаттарды сөз етсек, дәл осы күні Астанада ұлттық компания басшысының қолынан қос бірдей семейлік теміржолшы – жедел-өкім беру бөлімінің кезекшісі Асқар Смағұлов пен ЭЧ-18 электромеханигі Толымбек Манханов «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін алғанын айта кету ләзім. Сонымен қатар «Адал еңбегі үшін» төсбелгісін Альфия Нұрмағамбетова мен Жанат Мамырбаев алса,  Қалиасқар Жалбуров, Сұлтанғазы Түсіпов «Кәсібі бойынша үздік» атанды.   Теміржолшыларды сондай-ақ  «Қаражыра» АҚ, «Семей силикат зауыты» АҚ, «Семей цемент зауыты» ЖШС сынды серіктес компаниялар құттықтады.  МАҢҒЫСТАУ Биыл түбек теміржолшыларының мерейін  «Құрметті теміржолшы» атанған қос  теміржолшы – Маңғыстау станциясының дөңес кезекшісі Рая Халикова мен Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының аға электромеханигі Аққали Ходжаұлы көтерді.   Жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Нәжимеден Ғұбашов әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Өз алдына жеке филиал болып ашылғалы өңірімізде ел экономикасының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосатын стратегиялық маңызды жобалардың ашылуының куәсі болдық. Атап айтсақ, 2011 жылы  Өзен–Болашақ теміржол желісі пайдалануға берілді. Ал 2014 жылы Бейнеу –Тассай теміржолы іске қосылды. Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы тасымалданатын жүктің көлемін 19 млн тоннаға дейін арттыру мақсатында салынған астық терминалдарының құрылысы, құрғақ жүктерді сақтайтын және порттың инфрақұрылымдық обьектілерінің Солтүстік терминал құрылысы пайдалануға берілді. 2016 жылы Боржақты–Ерсай теміржолы тартылып, Құрық порты  іске қосылды. Осылайша өткенімізге көз жүгіртсек, өскеніміз бен өнгенімізді мақтаныш ете аламыз, – деді бөлімше басшысы.    Өз кезегінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобь жолдары басқармасының бастығы Әліби Көшербаев та теміржолшыларды құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Бір топ теміржолшылар саланың әр түрлі марапаттарын иемденіп,  мерейлері үстем болды.

Сұлугуль БАКЕСОВА, Мадина ТУРГУМБАЕВА, Шахида ЖҰМАН, Қуаныш ҚОЖАЕВ, Ерман ӘБДИЕВ, Жансая СЫДЫҚБАЙ, Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қосұйым МҰҚАШЕВ, Асқар АҚТІЛЕУ