Кеңес жұмысын қорытындылады

ҚТЖ Консультативтік кеңес мүшелері көлік саласы қызметкерлері күні қарсаңында Компания басшысы Қанат Алпысбаевпен кездесіп, Бурабайда өткен кеңес жұмысын қорытындылады.   2018 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша компания қызметінің нәтижелерін баяндаған Басқарма төрағасына ардагерлер «Еншілес ұйымдар мен филиалдар жұмысын тыңдау нәтижелері» бойынша теміржолдың барлық шаруашылықтарына қатысты сын-ескертпе, ұсыныс-тілектерін білдірді.  – Кеңес мүшелері Бурабайда өткен Кеңес отырысында теміржолдың құрылымдық бөлімшелері басшыларының жұмыс есебін тыңдай келе негізінен жүргізілген жұмысқа, жүк және жолаушылар тасымалы мен транзит көлемінің артуына, көліктік-логистикалық инфрақұрылымның дамуына, осы жағынан халықаралық теміржолдар ішінде жоғары орындарда тұрғанына, байланыс белгілерінің жұмысына, электрмен жабдықтау қызметіне жалпы оң баға берді. Сонымен бірге кеңес мүшелері жол жағдайына бақылаудың төмендігіне, қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне, жолаушылар пойыздарындағы билет тапшылығына, локомотив паркі жетіспеушілігі мен жағдайына, сонымен қатар еңбек қорғау және қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылық білдірді. Осы тақырыптар бойынша кеңес отырысында іскерлік пікір алмасулар болды. Ұсыныстар айтылды, – деді Консультативтік кеңес хатшысы, ардагер Қуаныш Котырев.   Ардагер теміржолшы Аби Сарқыншақов ең бір өзекті мәселе Екібастұз жағдайына, яғни осы өңірдегі жолаушылар тасымалына назар аудартса, Құрметті Қалтай Сәмбетов: «Бізде қалай? Техникалық үдеріс алға кетті, жылдам дамуда, ал кейбір салалар соған ілесе алмай жатыр, мысалы, әрине біздің жаңа америкалық тепловоз жинақтағанымыз жақсы, алайда онда бөлек техникалық саясат болу керек, бізде маневрлік тепловоздар түрлері сан алуан, кеңестік те, чештік де, қытайлық да тепловоздар бар, араласып кеткен. Соның біреуіне ғана тоқтау керек. Тіпті жолдардың бекітпелері, жолаушылар вагондарында да сондай жан-жақты жинақ. Мұндай жағдайда оларды жөндеу де, сервис те қиындық туғызады, бұл үлкен шығындарға әкеледі», – деп ой білдірді. Ардагерлер тарапынан айтылған осындай ұсыныс-пікірлерді зейін қоя тыңдаған Басқарма төрағасы алдыңғы буын ақсақалдардың бұл өзекті мәселелерді қозғауының жөні бар екенін және олардан нәтиже шығарылатынын жеткізді.  Тағы бір назар аударатыны – бүгінгі теміржолдың келбеті, имиджі көңіл толтырмайтындығы, яғни, кейбір сұрықсыз станция, бекеттер, тіпті станция атауларының жазуларында бірізділіктің жоқтығы сынға алынды. Оған қоса ардагерлер жолаушылар тасымалындағы кейбір маңызды мәселелерді ерекше бөліп айтты. Бұл салада көп оң жұмыстар бар, жасалуда, дегенмен халықтың сұранысын қанағаттандыратын кей тұстары осал болып тұрғаны сөз болды. Компания басшысы мерекелік көңіл-күймен басталған кездесуде тарлан теміржолшыларды құттықтап, «Құрметті ардагер теміржолшы» төсбелгісімен марапаттады. – Консультативтік кеңес – теміржол саласының дәстүрін сақтаушы алқалы жиын алаңы. Өткенсіз болашақ жоқ, сондықтан компания теміржолдағы ұрпақтар сабақтастығына ерекше мән береді. Бүгінгі таңда компанияда 16 өңірлік ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Сіздердің салаға сіңірген өлшеусіз үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Теміржол саласындағы зор жетістіктердің бәрі, осы белеске жетуі өз ісіне берілген, өздеріңіз секілді сала тарландарының арқасы деп білеміз, – деді компания басшысы. Жиын соңында екі буын теміржолшылар естелікке суретке түсті.

Ұлан ОРАЗ