Транзит әлеуеті артады

Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауы ел өміріндегі айрықша құжат саналады. Сондықтан биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауды ескі жүйеден арылудың жаңа жолы деп түсіну қажет. Аса күрделі әлемдік, саяси-әлеуметтік жағдайлар тұсында жарияланған бұл құнды құжаттың мән-маңызын әрбір қазақстандық жіті түсініп, алдағы мақсаттарға патриоттық жауапкершілікпен нық қадамдар жасауға тиіс. Осы орайда, жаңа Жолдауды халыққа тереңірек түсіндіру жұмысына теміржолшылар да атсалысып, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жайын талқылау мақсатында Луговой станциясында арнайы жиын өтті. Жиында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ филиалы – ЖТ-Жамбыл бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков, кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Жұмағали Урсаров бастаған топ луговойлық теміржолшылардың  басын қосты. Жолдаудың маңыздылығына кеңірек тоқталған бөлімше директорының бірінші орынбасары Үмітбек Есмұратұлы Елбасы өзінің соңғы жылдардағы Жолдауларында көліктік логистикаға айрықша мән беріп отырғанын  атап өтті. Биылғы Жолдаудағы міндеттерге жеке-жеке тоқталып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өндірістік үдерістерді цифрлау бойынша көптеген жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» атты төртінші міндет аясында Қазақстан арқылы 2017 жылы жүк транзиті 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтаса, 2020 жылы транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 5 миллиард долларға жеткізу міндеттелгенін жеткізді.   – Жүк тасымалын көбейту мақсатында ел ішіндегі және шетелдердегі негізгі жүк айналымының орталықтарында транспорттық-логистикалық орталық жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасын табады. Біз «Қытай–Еуропа» бағытындағы транзитті-контейнерлі пойыздардың Қазақстан аумағынан өту жылдамдығын арттыру бойынша жұмыс күшейеді. Транзит үшін бастысы – жылдамдық, жүктің сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді баяндамашы. Жолаушылар тасымалында да біршама ілгері басушылық бар. Компания вокзалдарда және пойыздарда жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын да жетілдіру үстінде екені атап өтілді.

Ерман Әбдиев, Луговой