Ел шетіндегі теміржолшылар   

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы Түркіменстанмен түйісетін шекарада орналасқан Болашақ станциясының  тұрғындары арасында да қызу талқыланды. Жаңа Жолдау және ондағы міндеттер, әсіресе көліктік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру туралы болашақ үшін жасалған бағыт-бағдар болашақтықтарды да елең еткізбей қоймады.  Станциялықтармен кездесуге Маңғыстау магистралдық желі бөлімшесі директоры Мұхтар Бақтыгереев пен Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Ерлан Бурхутов бастаған топ барып,  Жолдау жүктеген 10 міндетке жеке-жеке тоқталып, кең түсінік берді. «Жолдау жаңа әлемге, яғни, төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайтын құжат. Ол үшін алдымызда түсінікті әрі айқын 10 міндет тұр. Мұны іске асыруға барлық қазақстандықтар қатарында теміржолшылар да бір кісідей атсалысуы қажет» – деді өз сөзінде бөлімше директорының орынбасары  Е. Бурхутов.  Жолдаудағы негізгі басымдықтарды түсіндіру барысында  магистральдық желі бөлімшесінің директоры еліміздің кемел келешегі, халықтың бақуатты өмір сүруіне қызмет ететін құжат деп бағалады, сондай-ақ  жаңа жылдың алғашқы айынан теміржолшылардың еңбек жалақысының 10 пайызға көтеріліп жатқанын жеткізді. Теміржолшылардың алдында тұрған мақсаттарға тоқталып өтіп,  жүк айналымын арттыру және оны уақытылы жеткізу, қызмет сапасын одан әрі жақсарту, жылжымалы құрамдардың жылдамдығын ұлғайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды кәсіби міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға шақырды.   Жиынның екінші бөлімі  «ҚТЖ»ҰК»АҚ және оның еңбек ұжымдары арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартпен таныстыруға арналды. Бұл мәселеге байланысты Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Р.Сарбулатова, жүк тасымалы бөлімшесінің персоналды басқару бөлімінің басшысы Екпін Қожахметов, кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов кеңінен түсінік бердіОлар өз сөздерінде ұжымдық шарттың өткен жылғы орындалысы туралы, жаңадан қабылданған 2018-2020 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шарттағы өзгешеліктер жайлы сөз етіп, көпшіліктің сауалдарына жауап берді.

Шахида Жұман