Міндет –  айқын, мақсат – нақты

Елбасы Н.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауын сыр бойы теміржолшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қызылорда ЖТ бөлімшесіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ персоналдар бойынша Вице-президенті Нұржан Жапарқұл  мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол көлігіндегі персоналдарды бағалау және дамыту орталығының директоры Марал Марасилов бастаған топ келіп, жергілікті  теміржолшыларымен кездесу өткізді. «ҚТЖ-ЖТ»АҚ филиалы Қызылорда ЖТ бөлімшесінің директоры, «Теміржол» партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманкелді Арысбаев мәртебелі қонақтарды таныстырып,  алғашқы сөз кезегін  «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Нұржан Жапарқұлға берді.   Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын айрықша бедерленген 10 маңызды міндетке тоқталып, әрқайсысын  жеке-жеке түсіндірген баяндамашы, соның ішінде  теміржол саласына қатысты 4,7,9-бағыттарға  толық талдау жасады. Жолдау жүктеген міндет айқын, мақсат нақты. Оларды орындауда Ұлттық компания «Батыс-Шығыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» – 4 бірдей басым бағытпен транзиттік тасымалды арттыру бойынша   жұмыстарды жалғастырады, қазіргі таңда Қытай, Вьетнам, Европа сияқты 17 шет аймақпен жұмыс жүзеге асырылып, болашақта атқарылар міндеттер ауқымы кеңейетін болады,– деп Ұлттық компания тарапынан алда атқарылатын жұмыстардың Жолдауда көрсетілген міндеттермен астасып жатқанын мәлімдеген баяндамашы көліктік логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту арқылы тасымал үдерісін жетілдіруге Жолдауда айқындалған бағыттар мен міндеттер ықпалын тигізіп, қызылордалық теміржолшылар жұмысына  жаңа серпін беретініне сенім білдірді.  Жиын барысында теміржолшылар қауымы алдында ауқымды және маңызды шаралар тұрғандығы, транзитті жүктерді тасымалдау мүмкіндіктерін жетілдіру, жолаушылар тасымалында сервистік қызметті арттыру, жылжымалы құрамды заманауи талапқа сай жаңартуға баса көңіл бөлініп,  осыған орай салалық еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндіктер қарастырылатындығы сөз болды. Аймақ теміржолшыларының басшысы Амангелді Арысбаев аймақ теміржолшылары  мақсаты айқын маңызды құжатта көрсетілген міндеттерді орындауда аянбай жұмыс жасайтынын мәлімдеді.    Сонымен қатар Жолдауға қатысты  «Теміржол» партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева мен  Қызылорда көлік прокуроры Тимур Шуленбаев өз ойларымен бөлісіп,  пікірлерін білдірді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда